«Халықтық құрылыс» жобаларына қоғамдық бақылау күшейтілмек
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы құрылыс нысандарының сапасы мен қаражаттың жұмсалуын қоғам өкілдері де бақылай алады.
Қазақстан Халық Кеңесі Президиумының мүшесі Бекмұрат Жүсіпов «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларға қоғамдық бақылау жүргізуді ұсынды. Бұл туралы ол BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту қажеттігін мәлімдеген болатын. Президент осы мақсатта бейінді ведомстволардың басшылары, Құрылтай және мәслихат депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіретін мемлекеттік комиссия құруды ұсынды.
Бекмұрат Жүсіповтің айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында елдің барлық өңірінде ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған «Халықтық құрылыс» бастамасын жариялаған.
Бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды мемлекеттік бастама. Мұндай ауқымды бағдарламаны табысты жүзеге асыру үшін мемлекеттік бақылаумен қатар, жүйелі қоғамдық бақылауды да ұйымдастыру қажет, – деді Бекмұрат Жүсіпов.
Осыған байланысты ол «Халықтық құрылысқа – халықтық бақылау» бастамасын жүзеге асыруды ұсынды.
Бастаманың негізгі мақсаты – құрылыс жобаларының ашықтығын, сапасын, уақытылы орындалуын және бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қоғамдық мониторинг арқылы бақылау үшін Қазақстан Халық Кеңесі мен өңірлік қоғамдық кеңестердің әлеуетін біріктіру, – деп түсіндірді ол.
Оның сөзінше, Қазақстан Халық Кеңесі республикалық деңгейде қоғамдық мониторингті үйлестіріп, оның нәтижелерін жинақтап, Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізеді. Ал өңірлік қоғамдық кеңестер жергілікті құрылыс нысандарының жұмысын бақылап, анықталған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Сондай-ақ жобалардың сапасы мен іске асырылу барысын бағалау үшін қоғамдық мониторингке салалық мамандар мен тәуелсіз сарапшыларды тарту ұсынылып отыр.
Цифрлық ақпараттық платформада «Халықтық құрылысқа – халықтық бақылау» деген арнайы бөлім ашу ұсынылады. Онда жобалардың іске асырылу барысы, анықталған мәселелер мен қабылданған шаралар көрсетіледі, – деді Бекмұрат Жүсіпов.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібін белгілеп, қоғамдық мониторинг қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстардың қаралуын бақылау көзделіп отыр.
Бекмұрат Жүсіповтің пікірінше, бұл жұмысты Қазақстан Халық Кеңесінің қызмет жоспарына жеке жоба ретінде енгізіп, жауапты тұлғаларды, іске асыру кезеңдері мен нақты мерзімдерді белгілеу қажет.
Қоғамдық бақылау мемлекеттік құрылыс бақылауын алмастырмайды. Керісінше, оның ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді. «Халықтық құрылыс» – халықтың игілігі үшін жүзеге асырылатын бастама. Сондықтан оның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге халықтың өзі де қатысуы керек. Қазақстан Халық Кеңесі мен өңірлік қоғамдық кеңестердің бірлескен жұмысы осы мақсатқа жетудің тиімді тетігіне айналуы мүмкін. Халықтық құрылысқа – халықтық бақылау! – деп түйіндеді ол.