6 Қараша 2026, 13:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Халықтық құрылыс»: Қазақстан қалаларында нені өзгерту керек?

Жаңа нысандардың сапасы олардың санымен емес, тұрғындарға қаншалықты қолайлы болуымен бағалануға тиіс. 

Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында жаңа мектептер, медициналық мекемелер, мәдениет және спорт нысандары салынады. Алайда инфрақұрылымды жаңарту тек құрылыс көлемімен өлшенбеуі керек. Жаңа нысандар тұрғындардың күнделікті қажеттілігіне сай болып, қалалық ортаның сапасын арттыруға ықпал етуі қажет. Бұл туралы Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған сарапшылар отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Спикердің пікірінше, қаланы дамыту дегеніміз – тек жаңа ғимараттар мен жолдар салу емес. Ең бастысы – адамдардың өмір сүруіне, жұмыс істеуіне және өз мүмкіндіктерін іске асыруына қолайлы орта қалыптастыру. Сондықтан инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде нысанның орналасуы, оған жету жолы, айналасындағы кеңістік пен сәулеттік келбеті қатар ескерілуі керек.

«Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздегі инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты ауқымды міндеттерді белгіледі. «Халықтық құрылыс» жаңа мектептер, медициналық мекемелер, мәдениет және спорт нысандарын салуға, сондай-ақ өміріміздің маңызды бөлігі өтетін қоғамдық кеңістіктерді жаңартуға мүмкіндік береді. Дәл қазір, жобаларды әзірлеу және шешімдерді таңдау кезеңінде біз қандай орта қалыптастырғымыз келетінін талқылау аса маңызды. Жобалар әлі нақты пішінге ие болып жатқанда, олардың мазмұнына ықпал етуге мүмкіндігіміз бар», – деді Жұлдызай Ысқақова.

Оның айтуынша, жаңа мектептің қай жерде орналасатыны, оған жаяу жетудің қаншалықты ыңғайлы болатыны, мәдениет үйінің айналасында қандай кеңістік қалыптасатыны және жаңа нысанның қала немесе ауылдың сәулеттік келбетіне үйлесуі алдын ала талқылануы қажет. Бұл жұмысқа сәулетшілер, урбанистер, әлеуметтанушылар, дизайнерлер, әлеуметтік сала мамандары және тұрғындардың өздері қатысуы маңызды.

«Күнделікті қолайлылық пен эстетикалық талаптар жобаны әзірлеудің алғашқы кезеңінен бастап ескерілуі керек. Адамдар үшін жаңа инфрақұрылымның өз қажеттіліктеріне сай болуы, сол жердің өзіндік ерекшелігін сақтауы және тартымды орта қалыптастыруы маңызды», – деді ол.

Жұлдызай Ысқақова соңғы жылдары Қазақстанда жаңа шағынаудандар, жолдар, мектептер, спорт кешендері мен қоғамдық кеңістіктердің пайда болғанын атап өтті. Оның сөзінше, инфрақұрылымдық өзгерістерді бағалағанда тек салынған нысандардың санын емес, азаматтардың оларды қалай қабылдайтынын және алдағы уақытта қандай қажеттіліктері бар екенін де ескеру керек.

Спикер инфрақұрылымның әлеуметтік капиталды қалыптастырудағы рөліне де тоқталды. Мәселен, аулада көршілер танысып, кітапханада, мәдениет үйінде немесе спорт секцияларында ортақ қызығушылықтар қалыптасады. Ал абаттандыру жұмыстарына бірлесіп қатысу адамдардың өзара келісіп, ортақ іске жұмылуына мүмкіндік береді.

«Инфрақұрылым арқылы әлеуметтік капиталды нығайтуға да жағдай жасалады. Аула ішінде адамдар көршілерімен танысады. Кітапханада, мәдениет үйінде немесе спорт секциясында ортақ қызығушылықтар қалыптасады. Аумақты абаттандыруға қатысу адамдарды өзара келісіп, бірлесіп әрекет етуге үйретеді. Осылайша, адамдар арасында байланыс орнап, сенім мен туған жеріне деген тиесілік сезімі қалыптасады», – деді басқарма төрағасы.

Оның пікірінше, «Халықтық құрылыс» аясында салынатын нысандардың сапасы олардың тұрғындарға қаншалықты қолайлы болатынымен бағалануы тиіс. Сондықтан жобаларды әзірлеу кезінде кәсіби мамандардың пікірімен қатар, сол аумақта тұратын азаматтардың тәжірибесі мен ұсыныстарын да ескеру қажет.

Айта кетейік, бұған дейін «Халықтық құрылыс» бағдарламасына Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отырғаны хабарланды.