«Халықтық құрылыс»: 6,5 трлн теңге бөлінеді, бірақ ірі жобаларға дайынбыз ба?
«Халықтық құрылыс» бағдарламасына Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр
28 қазандағы Жолдауында Президент 2027 жылды Бүкілхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Ал 3 қарашада Үкімет 12 бағыт бойынша 96 іс-шараны қамтитын Жалпыұлттық жоспар жобасын мақұлдады.
Қазақстанның құрылыс саласында ірі жобаларды жүзеге асыруға қажетті өндірістік және техникалық база бар. Алайда оның мүмкіндіктері өңірлер арасында біркелкі бөлінбеген. Сондықтан жалпы салалық өсім көрсеткіштерінен гөрі жекелеген өңірлердің дайындығы маңыздырақ болуы мүмкін.
Қаржы бөлінеді, бірақ жобалар дайын ба?
2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 7,8 трлн теңгеге жетті.
Құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен шикізат өндіретін өңірлерге тиесілі. Ал «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында аудан орталықтары мен ауылдарда да жобалар жүзеге асырылмақ. Алайда мұндай елді мекендерде жобалау ұйымдары, жеке техникасы бар мердігерлер және құрылыс материалдарын тексеретін зертханалар әрдайым жеткілікті бола бермейді.
Қаржыландыру мерзімі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Әлеуметтік жобаларға 2026 жылы және 2027 жылдың алғашқы екі айында 1,5 трлн теңге қарастыру тапсырылған. Дегенмен қаржы бөлінгеннен кейін құрылыс бірден басталмайды. Алдымен жобалау жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік сараптамадан өту және конкурстық рәсімдерді аяқтау қажет. Сарапшының бағалауынша, бұл процестер алты айдан бір жарым жылға дейін созылуы мүмкін.
Сондықтан әкімдіктер жобалық құжаттардың қаншалықты дайын екенін алдын ала анықтап, құрылыстың нақты мерзімдерін белгілеуі тиіс. Әйтпесе қаржы бөлінгенімен, құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік болмай қалуы ықтимал.
Тағы бір маңызды мәселе – кадр тапшылығы. Сарапшы осыған қатысты екі түрлі деректі келтіреді. Қыркүйекте Оқу-ағарту министрлігі құрылыс саласына 102 мың маман қажет екенін хабарлаған. Ал құрылыс мамандықтары бойынша білім алып жатқан студенттер саны 22,4 мың болған. Қазан айының соңында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 2026–2030 жылдары салаға 67 мың жұмысшы қажет болатынын мәлімдеді.
Бұл мәліметтерді өзара салыстырып, нақтылау қажет. Жоспарлау кезінде мамандарды даярлау мерзімін, олардың қандай кәсіптер бойынша және қай өңірлерде қажет болатынын ескеру маңызды. Өйткені студенттердің жалпы саны нақты бір құрылыс басталған кезде қанша маман жұмысқа кірісе алатынын көрсетпейді.
Құрылыс техникасына қатысты да осындай талдау қажет. Диляра Сейтнурованың айтуынша, өңірлердегі арнайы техниканың саны, пайдаланылу деңгейі мен тозуы туралы ашық әрі толық мәлімет жеткіліксіз. Техниканы түгендеу мердігерлердің белгіленген мерзімде қанша жұмыс атқара алатынын анықтауға мүмкіндік берер еді.
Отандық құрылыс материалдары импортқа тәуелділікті неге жоя алмай отыр?
Сарапшы келтірген Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегіне сәйкес, қазақстандық кәсіпорындар құрылыс материалдарына деген ішкі сұраныстың 70%-дан астамын қамтамасыз етеді. Елде осы бағытта жұмыс істейтін үш мыңнан астам өндіріс орны бар. Алайда жалпы көрсеткіштің артында өнім түрлеріне байланысты айтарлықтай айырмашылық жатыр.
Жалпы көрсеткіш құрылыс материалдарының жекелеген санаттары арасындағы айырмашылықты көрсетпейді. Қазақстан цемент, әк, гипс, бетон және олардан жасалатын бұйымдар, құрастырмалы бетон конструкциялары, пластик құбырлар, терезелер мен есіктер бойынша өзін толыққанды қамтамасыз ете алады. Бұл санаттарда отандық өнімнің үлесі 80% және одан жоғары. Ал басқа сегменттерде импортқа тәуелділік әлі де жоғары, – дейді Диляра Сейтнурова.
Ол келтірген салалық деректерге сүйенсек, ағаштан жасалған жекелеген құрылыс конструкциялары, табақ шыны мен шыны талшықтары, шойын құбырлар мен олардың жалғағыш бөлшектері, крандар, клапандар және вентильдер санаттарында ішкі нарықтағы ресурстардың 90%-дан астамы импорт есебінен қамтамасыз етіледі.
Ал ағаш материалдары, болат құбырлар мен сымдар, жылыту радиаторлары, есептеу құралдары, саз кірпіш пен қыш тақтайшалар сегменттерінде импорттың үлесі 50-90% аралығында.
Сондықтан құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мүмкіндігін әрбір нысанның ерекшелігіне қарай бағалау қажет.
Мәселен, «Халықтық құрылыс» бағдарламасының алғашқы кезеңінде денсаулық сақтау саласына қатысты 70-ке жуық нысан салу көзделген. Олардың арасында сегіз перинаталдық орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасы бар. Бұл нысандарға медициналық газбен жабдықтау жүйелері, желдеткіш жабдықтары, автоматика, лифтілер және арнайы санитариялық-техникалық құралдар қажет болады.
Сарапшы мұндай жабдықтарға деген сұранысты отандық кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерімен алдын ала салыстыру керек деп есептейді. Бұл ел ішінде қандай өнімдерді өндіруге болатынын және қай бағыттарда жаңа өндіріс орындарын ашу қажеттігін анықтауға көмектеседі.
Дегенмен өндірістік қуаттың жеткілікті болуы бағаның тұрақтылығына кепілдік бермейді. Бұған сарапшы цемент өндірісін мысалға келтіреді. Қазақстандағы 16 зауыт жылына шамамен 18 млн тонна цемент өндіре алады. Ал ішкі тұтыну көлемі 14,4 млн тонна шамасында.
Сарапшы ұсынған мәліметке сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында өндірушілердің қосылған құн салығын есептемегендегі орташа бағасы 20,3%-ға өскен. Атап айтқанда, цементтің бір тоннасы 29,5 мың теңгеден 35,5 мың теңгеге дейін қымбаттаған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мұны өндірістік шығындардың артуымен және теміржол тарифтерінің өсуімен түсіндіреді. Теміржол тарифтері 2023 жылы 25%-ға, 2024 жылы 24%-ға, ал 2025 жылы 33%-ға көтерілген.
Демек, ауқымды құрылыс бағдарламасын жоспарлағанда материалдардың жеткілікті болуы ғана емес, оларды жеткізу құны мен өндірістік шығындар да ескерілуі тиіс.
Сенімді мердігерді қалай анықтаймыз?
2026 жылдың тоғыз айында Қазақстандағы құрылыс жұмыстарының 89%-ын отандық жекеменшік ұйымдар орындаған. Ал шетелдік компаниялардың үлесі 10,3% болған.
Сарапшының айтуынша, елімізде мектептер мен ауруханаларды белгіленген талаптарға сай сала алатын компаниялар бар. Ең бастысы – мердігерлерді сапалы әрі әділ іріктеу.
Диляра Сейтнурова құрылыс саласын реттейтін жаңа заңнамада қарастырылған тетіктерге назар аударды.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Оған сәйкес, кепілдік мерзімі кемінде бес жыл, ал ғимараттың көтергіш конструкциялары, шатыры мен қасбеті үшін кемінде он жыл болып белгіленді. Инженерлер мен сарапшыларды сертификаттау және олардың жеке кәсіби жауапкершілігі қарастырылған. Енді нысанды пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік инспектордың құрылыс басына өзі барып, тексеруге қатысуы міндетті. Қаңтар айынан бастап Бірыңғай құрылыс порталы жұмыс істеп тұр, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар Диляра Сейтнурова мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялардың кәсіби мүмкіндіктерін мұқият тексеру қажет деп есептейді.
Оның ұсынысы бойынша, өңірлік компанияларға қойылатын шамадан тыс қаржылық талаптарды жеңілдетуге болады. Бірақ мердігердің тиісті саладағы тәжірибесіне, техникасына және штатында сертификаты бар инженерлік-техникалық қызметкерлердің болуына қатысты қатаң талаптар сақталуға тиіс.
Тағы бір маңызды мәселе – құрылыс саласындағы заңбұзушылықтарды есепке алу.
Сарапшы келтірген дерекке сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында Шығыс Қазақстан облысында құрылыс саласындағы заңбұзушылықтар үшін 89 млн теңге айыппұл салынған. 133 лицензияның қолданылуы тоқтатылып, қызметті тоқтатуға қатысты тоғыз шешім қабылданған. Сонымен қатар 12 нысан бұзылған.
Ал Астана мен Алматыда осыған сәйкес кезеңде 1463 заңбұзушылық тіркелген.
Диляра Сейтнурова жосықсыз құрылыс салушылар тізіліміне енгізудің қолданыстағы негіздері жеткіліксіз деп санайды. Оның пікірінше, болашақ тапсырыс берушілер мердігерлердің құрылыс нормаларын жүйелі түрде бұзғаны немесе жұмысты белгіленген мерзімде аяқтамағаны туралы ақпаратты көре алуы керек. Мұндай деректер сот үкімі шықпаған жағдайда да қолжетімді болғаны жөн.
Құрылыс сапасын кім бақылайды?
Құрылыс материалдарының сапасына қатысты мәселелер жол құрылысында да байқалып отыр.
Сарапшы келтірген деректерге сәйкес, 2026 жылдың басынан бері жергілікті жолдарға арналған жол-құрылыс материалдарының зерттелген үлгілерінің 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Салада 33 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Алдын ала есептелген шығын көлемі 8 млрд теңгеден асады.
Бұл көрсеткіштер құрылыс жұмыстары барысында материалдарды зертханалық тексеруден өткізу қажеттігін көрсетеді. Алайда құрылыс нысандары көбейген сайын инспекторларға түсетін жүктеме де артады. Егер бақылаушы органдардың мүмкіндіктері бұрынғы деңгейде қалса, тексеру сапасы төмендеуі мүмкін.
Сарапшы мәселе бақылау жүйесінің құрылымында да бар екенін айтады.
Өңірлердегі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы әкімдіктерге бағынады. Ал әкімдіктің өзі құрылыс нысандарына тапсырыс беруші болып отыр. Тапсырыс беруші өзін-өзі тексере алмайды. Нақты қызметкерлер қаншалықты адал жұмыс істесе де, бұл – жүйенің өзінде қалыптасқан мүдделер қақтығысы, – дейді Диляра Сейтнурова.
Ол тәуелсіз техникалық қадағалау жүйесін енгізуді ұсынады. Бұл модель бойынша, бақылау қызметінің ақысын тапсырыс беруші төлейді, бірақ қадағалаушы ұйымды басқа тарап таңдайды.
Сонымен қатар әрбір құрылыс нысанындағы материалдарды іріктеп зертханалық тексеруден өткізіп, оның нәтижелерін ашық жариялау қажет.
Сарапшы 2026 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған нысандарды цифрлық форматта қабылдау жүйесіне де назар аударды.
Кепілдік міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мәселесі де жеке шешімді қажет етеді.
Тағы бір маңызды жайт бар. Көтергіш конструкцияларға берілетін он жылдық кепілдік тек он жылдан кейін талап қоятын мердігер болған жағдайда ғана жұмыс істейді. Бір нысанның тендерін ұтып алған мердігер компания үш жылдан кейін мүлде жұмыс істемеуі мүмкін. Сондықтан кепілдік мерзіміне қатысты қабылдау актісіндегі қолтаңба емес, банктік немесе сақтандыру тетігі қажет, – деп атап өтті сарапшы.
Мұндай тетіктер мердігер компания қызметін тоқтатқан жағдайда да кепілдік мерзімі ішінде анықталған кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беруі тиіс.
Сарапшы бұл механизмдерді әзірлеуді құрылыс сапасына қойылатын талаптарды толықтыратын маңызды шара деп есептейді.
Отандық өндірушілерге ірі тапсырыстан бөлек не қажет?
Отандық кәсіпорындарды қолдау үшін өнеркәсіп саясатын құрылыс саласының нақты қажеттіліктерімен үйлестіру қажет.
Сарапшы бұған импорттық шектеулерді мысалға келтіреді. 2026 жылғы 30 мамырдан бастап үшінші елдерден цемент, құрылыс ерітінділері, табиғи тастан жасалған бұйымдар, гипс плиталары мен табақ шыны әкелуге тыйым салынған болатын. Алайда 5 қазандағы бұйрықпен бұл шектеулер мерзімінен бұрын алынып тасталды.
Қазақстан құрылысшылар одағы импортқа қойылған шектеулер салдарынан құрылыс материалдары 25–30%-ға қымбаттауы мүмкін екенін бағалаған. Бұл бағаның аталған мөлшерде нақты өскенін емес, қымбаттау қаупін білдіреді.
Жаңа өндіріс орындарын ашу үшін инвесторларға бірнеше жылға алдын ала жоспар құруға мүмкіндік беретін тұрақты жағдай қажет.
Инвесторды жаңа өндіріс орнын салуға ынталандыру үшін уақытша тыйымдар жеткіліксіз. Мұндай шешім қабылдау үшін тұрақты әрі болжамды сұраныс қажет. Табақ шыны, инженерлік жабдық немесе санитариялық керамика өндірісіне салынған инвестиция жеті-он жылда өтеледі. Ал бағдарлама 2029 жылға дейін есептелген. Яғни оның жүзеге асырылу мерзімі көптеген өндіріс орындарының өзін-өзі ақтау мерзімінен қысқа. Инвестор үшін бағдарлама аяқталғаннан кейін де өнімге сұраныс болатынын білу маңызды, – деп түсіндірді Диляра Сейтнурова.
Сарапшы ықтимал шешімдердің бірі ретінде оффтейк-келісімшарттарды атайды. Бұл – алдын ала белгіленген көлемдегі өнімді ұзақ мерзім бойы сатып алуға арналған келісімдер.
Президент Жолдауында мұндай механизм тау-кен металлургия кешені мен стратегиялық маңызы бар металдарға қатысты айтылған болатын. Диляра Сейтнурова оны құрылыс материалдары мен инженерлік жабдықтар өндірісіне де қолдану мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.
Құрылыс басталғанға дейін жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттар кәсіпорындарға өндірістік жүктемені жоспарлауға және қуатын арттыруға мүмкіндік берер еді.
Сарапшы ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2026 жылы құрылыс материалдары саласында жалпы құны 202,2 млрд теңге болатын 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Жыл басынан бері 19 өндіріс орны іске қосылған. Оларға шамамен 50 млрд теңге инвестиция салынып, мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған.
Дегенмен саланың одан әрі дамуы үшін кәсіпорындар ауқымды құрылыс бағдарламасы аяқталғаннан кейін де өз өнімдеріне қаншалықты сұраныс болатынын білуі қажет.
Құрылыс нәтижелерін қалай ашық бақылауға болады?
Онда әрбір нысанның мекенжайы, құрылыс құны, мердігер компаниясы, жұмыстың басталу және аяқталу мерзімдері, сондай-ақ құрылыстың нақты барысы көрсетілуі тиіс. Бұл ақпарат ай сайын жаңартылып отыруы қажет.
Мұндай тізілім тұрғындарға өз қаласында немесе ауданында салынып жатқан нысандардың құрылысын бақылауға мүмкіндік береді. Ал мердігерлер мен жүргізілген тексерулер туралы мәліметтер олардың міндеттемелерін қаншалықты орындап жатқанын бағалауға көмектеседі.
Сарапшының пікірінше, ашық тізілім, тәуелсіз қадағалау және отандық өндірушілермен жасалатын ұзақ мерзімді келісімшарттар бірін-бірі толықтыруы тиіс. Сонда 2027 жылдан кейін де тиімді жұмыс істейтін жүйе қалыптастыруға болады.