Халықтың жағдайын жасайтын жаңа инвестор келеді деп үміттенейік – Мұхтар Алтынбаев

«ҚР Қарулы күштері ардагерлері» РҚБ төрағасы, армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев Костенко атындағы шахтадағы қаза тапқан кеншілердің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туған қалам - Қарағанды шахтасындағы қайғылы оқиға туралы естіп, бүкіл қазақстандықтармен бірге қабырғам қайысуда. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді қазақ. Қаза тапқан кеншілердің отбастарына ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері атынан, жеке өз атымнан көңіл айтып, қайғыларыңызға ортақпыз дегім келеді. Қиындығы мол, қауіп-қатерге толы шахтер еңбегінің бағасын өз басым жақсы білемін. Өйткені сол Костенко атындағы шахтада бес жыл бойы проходчик болып еңбек еттім. Осы жағдайды жүрегіме жақын қабылдағаным да сондықтан шығар, - деді Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев.

Сондай-ақ ол оқиға орнына Мемлекет басшысының өзі барып нұсқау бергенін, енді қарапайым халықтың жағдайын жасайтын жаңа инвестор келеді деп үміттенетінін айтты.

Оқиға орнына Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барып халықпен кездесті, шұғыл шешімдер қабылдауға нұсқаулар берді. Сондай-ақ, Президент ешкімнің мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайтынын нықтап айтты. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастық тоқтатылатын болды. Енді қарапайым халықтың жағдайын жасайтын жаңа инвестор келеді деп үміттенейік. Бүгін Қазақстанда қаралы күн, 29 қазан – Ұлттық аза тұту күні деп жарияланды. «Қайғыны бөліссе азаяды» дейді халық даналығы, ендеше жұдырықтай жұмылып, елдігімізді танытсақ бұл қиындықты да еңсеретініміз анық, - деді Мұхтар Алтынбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы