Халықтың табысын арттыру мақсатында шығыстары 197 млрд теңге болатын іс-шаралар іске асырылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты.
Қаржы министрі 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынды.
Нақтылау шеңберінде Мемлекет басшысының тапсырмалары, бағдарламалық құжаттардың іс-шаралары, макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты шығыстар, сондай-ақ бұрын қабылданған шұғыл міндеттемелерді іске асыруға арналған қосымша қаражат ескерілді.
Жамаубаевтың атап өтуінше, аталған бағыттар бойынша бюджет шығыстары 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылды. Бюджет шығыстары келесі көздер есебінен ұлғайтылды: бюджеттің өз кірістері -1,1 трлн теңге, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту - 1,6 трлн теңге, Президенттің тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 трлн теңге бағытталатын болады.
Ерұлан Жамаубаев блоктың басым бағыттарына тоқталып өтті.
Халықтың табысын арттыру бойынша жалпы шығыстары 197 млрд теңге болатын іс-шараларды іске асыру. Осы қаражат шеңберінде жастарды қолдау, өз бизнесін ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй үшін төлемнің бір бөлігін субсидиялау және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған басқа да маңызды іс-шаралар қамтамасыз етілетін болады, - деді Премьер-министрдің орынбасары.