Халықтың көзінде Президентке деген сенім мен құрметтің бар екендігі байқалып тұрды - жазушы

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Мемлекет басшысы өзінің іссапарын барша түркі жұртының мақтанышына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат етуден бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет басшысы жергілікті Түркістан халқымен кездесу барысында рухани қала Түркістанды қазақ ұлтының ұясы, рухани бет-бейнесі мен қара шаңырағы деп атап өтті. 

Осы ретте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, Журналистер мен Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Алима Пашанова халқымыздың қаймағы бұзылмаған, дін мен дәстүрді берік ұстанып отырған, халық саны көп аймаққа ат басын бұрғанын жақсылыққа балайды. 

Бүгін Презиентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласына қадам басты. Хан салтанаты көтерілетін сан ғасырлық тарихқа ие қасиетті Түркістан қаласына Президентіміздің басқан қадамы құтты болсын деймін. Әрине менің Президентімізге деген құрметім ерекше. Ол жастайынан кітап оқып жетілген абзал азамат. Керемет дипломат, сондай-ақ бірнеше тіл біледі. Түркістанға келіп, халық үніне құлақ асып, зиялы қауым өкілдерімен  кездесіп, ойын ашық білдірді. Қазіргі кезде әлемде болып жатқан оқиғаларға тоқтала келе, еліміздегі өткелі тұрған сайлау науқаны жайлы айтып, халықтың шын ықыласына бөленді, - дейді жазушы Алима Пашанова.  

Қоғам белсендісінің айтуынша, Түркістан өз қасиетімен, өз шежіресімен тарихымен ерекшеленген әлем назарындағы қала. Сол себепті, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының Түркістанға тарихи атау берілгені туралы айтқаны әрбір түркістандықты ерекше қуанышқа бөледі. 

Президент осы сөзімен шын мәнінде бабалар рухына құрмет көрсете білді. Бүгін Президенттің халықпен кездесуде айтқан әрбір сөзін ерекше мән беріп тыңдадым. Ол халықты бірлікке, татулыққа шақырды. Өте жақсы, мәнді кездесу болды. Халық дән риза болып отырды. Халық – ол мемлекеттің белгілі бір күші. Халық айтса қалт айтпайды дегендей, жұртшылықтың көзінде Президентке деген сенім мен құрметтің бар екендігі байқалып тұрды. Президентіміздің Түркістанға келген қадамы құт болсын. Әрине ана ретінде, қоғам белсендісі мен зиялы қауым ретінде айтарым, осындай аумалы-төкпелі кезеңде бізге бірлік пен татулық өте маңызды. Маған Президенттің осы сөзі қатты ұнады. Өз кезегінде, мен де барша қазақстандықтарды қандай жағдай болса да ақылдасып, бірлесе отырып шешім қабылдауға шақырамын, - деді түркістандық жазушы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы