Халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті – Мемлекет басшысы
Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Бұл туралы ел Президентін ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Биыл халқымыз үшін айрықша маңызды жыл болды. Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біз түбегейлі бетбұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасадық. Конституциялық реформаны жүзеге асырдық. Мемлекетіміздің ең басты салаларын жан-жақты жаңғырттық. Соның арқасында халықтың болашаққа деген үміті артып, сенімі нығая түсті. Мен аймақтарды аралап, тұрғындармен кездескенде бұған айқын көз жеткіздім. Сондай-ақ, өткен референдум тың бастамаларды жұртымыздың жаппай қолдайтынын көрсетті. Халықтың дұрыс бағыттағы өзгеріске ұмтылысы жұмысқа зор серпін берді, - деді ол.
Президенттің айтуынша, реформаларды соңына дейін міндетті түрде жеткізуіміз қажет.
Конституцияның жаңа талабына сәйкес, бұдан былай Президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады. Осылайша, саясаткерлердің жаңа буыны билік басына келе бастайды. Мен осы шешімнің дұрыс болғанына кәміл сенемін, - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.