Халықты жұмыспен қамту мәселесі басты назарда – Қошанов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мәжілісте өте маңызды заң жобасын мақұлданып, республикалық бюджет туралы заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын және Жолдауын жүзеге асыруға 1,8 трлн теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаражат еліміздегі ең өзекті деген мәселелерді шешуге бағытталмақ. 

Көпжылдық тәжірибеге қарасақ, республикалық бюджет негізінен әлеуметтік салаға бағдарланған. Биылғы нақтылау кезінде де осы мәселе ескерілді. Оған әлеуметтік сала шығындарының 581 млрд теңгеге ұлғайтылуы айқын дәлел. Қазіргі күрделі кезеңге қарамастан Президент тапсырмасы бойынша мемлекет халықты, бизнес пен экономиканың нақты секторын қолдауға басымдық беруде. Әсіресе, ел-жұрттың табысын арттыру, жаппай жұмыспен қамту мәселесі басты назарда. Бұған 197 млрд теңге қарастырылуда, – деп жазды Мәжіліс төрағасы әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Ерлан Қошановтың айтуынша, соның ішінде 10 мың адамға жеке кәсібін ашу үшін 40 млрд теңге бөлінеді. Бюджетті нақтылау кезінде жастар мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Алғашқы жұмыс орны» және «Түлектерге арналған жастар тәжірибесі» жобалары аясында оларды қолдауға – 18 млрд теңге жұмсалады. «Қоғамдық жұмыс» пен «Күміс жас» жобаларын іске асыруға 38 млрд теңге бөлінгелі отыр. Ол – зейнеталды жастағы адамдар үшін үлкен көмек. Өткен екі жыл еліміз үшін қиынға соқты. Пандемия болды, халықаралық шиеленістер белең алды. Нәтижесінде логистикалық желілер күйреп, тауар айналымының құрылымы өзгерді. Соның салдарынан елдің азық-түлік қауіпсіздігінің маңызы арта түсуде.

Президент Жолдауында бұл мәселеге ерекше мән берді. Осы орайда Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыруға 238 млрд теңге көзделген. Бұл қаржы импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталады. Осылайша біз отандық тауарөндірушілерге мейлінше қолдау көрсетуге тиіспіз. Бұдан бөлек, біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі – өңірлердегі қордаланған проблемаларды шешу. Бұл бағытта 476 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қаралды. Ол ауыл-аймақтағы ауыз су, жол, тұрғын үй сияқты ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталады, – деп жазды ол.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы қаңтар қырғыны кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер туралы да айтты.

«Қасіретті қаңтар» елімізге ауыр сынақ болды. Қазіргі таңда зардап шеккен бизнеске қолдау көрсетілуде. Әкімшілік, әлеуметтік және коммуналдық нысандар мен инфрақұрылымдар қалпына келтіріліп жатыр. Қаңтар оқиғасының салдарын жоюға республикалық бюджеттен қосымша 37 млрд. теңге бөлінеді. Ел Президенті күштік құрылымдардың іс-әрекетіне қатысты тиісті қорытынды жасауды тапсырды. Соған сәйкес  олардың жауынгерлік әзірлігі мен жабдықталуын арттыруға 441 млрд теңге бөлініп отыр. Біз бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Әрбір тиын халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеуі қажет. Бүгінгі жүргізіліп жатқан Президент реформаларының түпкі мақсаты да – осы.  Ал қаражаттың нәтижелі әрі тиімді жұмсалуын қадағалау – депутаттардың басты міндеті. Бүгін сөз сөйлеген әріптестерімнің тарапынан Үкіметке біраз сын-ескертпелер айтылды. Министрлер соны назарға алып, тиісті қорытынды жасайды деп сенемін, – деді Қошанов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы