Халықты мазалайтын спам-қоңырауларға тосқауыл қойылмақ
Жаңа ережеге сәйкес, қабылданбаған қоңыраулар туралы хабарлама абонентке тек SMS арқылы жіберілуі ықтимал.
Қазақстанда халықты мазалайтын автоматты қайта қоңырау шалу қызметіне (автодозвон) қатысты жаңа шектеулер енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің сауалына берген жауабында мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында тиісті түзетулер қарастырып жатқанын хабарлады.
Вице-министрдің мәліметінше, бұл мәселе Мәжілістегі заң жобасының бірінші оқылымы кезінде және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында көтерілген. Соған байланысты министрлік ұялы байланыс операторларымен бірқатар кездесу өткізген.
Қазіргі таңда Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы №171 бұйрығына өзгерістер енгізу көзделген.
Жаңа ережеге сәйкес, абонентті қабылданбаған қоңыраулар туралы хабардар ету тек қысқа мәтінді хабарлама – SMS арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
Сонымен қатар өткізіп алған қоңыраулар туралы автоматты қоңыраулар тек белгілі бір жағдайларда ғана қолданылмақ.
Министрлік қазіргі уақытта бұйрық жобасы Әділет министрлігінің ескертулері мен ұсыныстарына сәйкес пысықталып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ заң жобасы аясында рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға және байланыс желілерін заңсыз пайдалануға тыйым салуға қатысты түзетулер де қарастырылып жатыр.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұл мәселені бұған дейін министр деңгейінде көтеріп, заңға түзету енгізілгенін айтты.
Автодозвон мәселесін министрдің алдында көтеріп, заңға түзету енгізген едік. Нәтиже бар. Қазіргі уақытта Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілуде. Жаңа ережеге сай, қабылданбаған қоңыраулар туралы хабарлама SMS арқылы ғана жүзеге асырылады, - деді депутат.
Оның айтуынша, халықты мазалайтын заңсыз спам-қоңырауларға құқықтық тұрғыдан нақты тосқауыл қою маңызды.
Сонымен қатар заң жобасы шеңберінде рұқсат етілмеген трафикті генерациялауға тыйым салу бойынша арнайы түзетулер де қарастырылып жатыр. Халықты мазалайтын, спамға айналған заңсыз қоңырауларға құқықтық тұрғыдан нақты тосқауыл қою маңызды, - деді Аймағамбетов.
Бұған дейін Аймағамбетов азаматтарды мазалайтын автоқоңырау мәселесі әлі шешілмей отырғанын көтергенін жазған едік.
Белгілі болғандай, Қазақстанда мобильді операторларға қатысты үлкен тексеру басталуы мүмкін.