Халықты көбіне жалақы мен зейнет жасы алаңдатады – депутат
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жыл басында елордалықтармен кездескен. Ол халықты толғандыратын негізгі мәселелерді атады. Депутаттың айтуынша, қай саладағы кездесулер болмасын, жалақы, қымбатшылық, инфляция және салық мәселелері бірінші кезекте көтеріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қай кезде болмасын халықпен кездескенде, ең алдымен жалақы мәселесі, қымбатшылық, одан кейін салық мәселесі көтеріледі, – деді депутат.
Мұқаев жаңа жылдан кейін азық-түлік бағасының қымбаттағанын байқаған.
Қазір бәріміз жаңа жылға қарай алған азық-түлігті жеп отырмыз. Енді ол біте бастағанда ел дүкендерге бара бастайды. Мен бір қызық мысал айтайын. Былтыр Каспи арқылы алған тауарларым сақталған екен. Мысалы, кола бір литрі 525 теңге болса, биыл дәл осы күні 599 теңге болды – 15% өсу. Доширак 299 теңгеден 485 теңгеге – 61% өсу. Шұжық 1499 теңгеден 2029 теңгеге – 40% өсім. Бірақ бізде инфляция 12% деген ресми ақпарат бар. Бұл шындыққа жанаса бермейді, – деп атап өтті депутат.
Мұқаев қаңтардың басында елорда аудандарындағы бірнеше кездесу өткізген.
Дәрігерлермен, әскери сала қызметкерлерімен кездескенде бірінші көтерілетін мәселе жалақы болды, – деді Мұқаев.
Депутат «Наз» ұлттық би театры ұжымымен кездескен кезде жалақыдан бөлек зейнетке шығу жасы мәселесі де талқыланғанын айтты.
Қазіргі заңнамаға сәйкес кейбір әртістер ерте зейнетке шыға алады, ал басқаларына бұл жеңілдік жоқ. Бұл – өзекті мәселе – деді депутат.