Халықты кім ойлайды? – Депутат бағаның шарықтап кеткеніне шағымданды
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Көлік министрі Марат Қарабаевқа әуе билеттерінің құнына шағымданып, сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлемде 9-орын алатын мемлекетіміз үшін әуе жолының маңызы айтпаса да түсінікті. Алайда ұшақтың бағасы күн санап аспандап барады. Астана – Ақтау бағытында билет құны 60 мың теңгеден түспесе, жаңадан құрылған облыстар бағытындағы, Астана-Семей 21-60 мың теңге, Астана-Жезқазған 21-60 мың теңге, Астана-Талдықорған бағытында орташа бағамы 40 мың теңге, - дейді депутат.
Сатыбалдиннің айтуынша, билет құнын әуежайдың алымдары мен жанармай шығыны 80 пайызына жуығын құраса, қалған 20 бөлігі әуежай компаниясының табысы.
Ал енді ұшу уақыты таянғанда Qazaq air компаниясының 21 000 теңге маңайында сатылатын билеттерді 60 мыңға дейін шарықтатып жіберетіні қалай? Жанармай мен әуежай қызметі бағасы өзгермесе, өзінің табысын билеттің құнынан үш есе өсіріп, қысылтаяңды пайдаланып ашкөздікпен пайда тапқаны ма? Бағаның бұлай динамикалық өсуі нарықтың сұранысымен түсіндірері хақ, алайда халықты кім ойлайды? Оқыстан өлім-жітімге, шұғыл шаруасы шыққан жандардың үстінен пұл айырып, қалтасын қағу, адамгершілікке сай ма?! Бұл баға жүйесі халықты қанауға ғана бағытталған, - деп айтты Ерболат Сатыбалдин.
Ол «Лоукостердің» де нарқы шарықтап тұрғанын айтты. Депутат айтқандай, лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу көрші елдердің бағасынан екі есе қымбат. Оның үстіне ұшаққа билет бола тұра салонындағы орынды бөлек сатып алуға мәжбүрміз.
Жалпы елімізде әуе қатынасы халық үшін қолжетімсіз. Осы жылдың 2 қыркүйегінде Президент Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында кіші авиация әлеуетін Өнеркәсіпті дамыту қоры есебінен көтеру туралы айтылды, - деді депутат.
Баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін азаматтық авиация саласындағы құзырлы органның:
- бағаларды реттеуді мемлекеттік бақылауын үнемі жүзеге асыруын, бағаны ретсіз белгілейтін және сапасыз ұшақтармен қызмет көрсететін әуе компанияларына тиісті жазалар қолдануын;
- ұшаққа билеті бар адамдардың үстінен орынсыз алымдарды алуды тоқтатуын;
- «Ашық аспан» мүкіндіктерін пайдалана отырып, жаңа құрылған Ұлытау, Абай, Жетісу облыстары бағытына лоукостерлік және басқа авиакомпанияларды тартуын талап етеміз.