Халықты "байытамын" деп алдаған байер: Бас прокуратура жауап берді

Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың интернет алаяқтыққа қатысты жолдаған сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мұқаев депутаттық сауалында елімізде интернет алаяқтықпен айналысатын адамдардың саны азаяр отырғанын айтты. Депутаттың айтуынша, былтыр 20 444 дерек тіркеліп, 16,5 млрд теңгеге залал келтірілген. Биыл 15 мыңға жуық дерек тіркеліп, залал сомасы 11 млрд теңгеден асып кетті. Олардың құрбаны көбінесе үйде отырған аналар мен қыз-келіншектер.

Халықты «байытпақшы» болған Айс Мұратова кім?

Дәулет Мұқаев атап өткендей, соңғы уақытта кеңінен етек жайып келе жатқан әлеуметтік желі арқылы «Байер» деген атаумен Қытай, Түркия, АҚШ-тан арнайы арзан тауар жеткізушілер көбейді. Бірі елімізде тіркеліп, заңды жұмыс істесе, енді бірі толығымен халықты алдап жүр.

Бұған дейін қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтарға алданғандарды көп еститін едік. Қазір байытамын деген байерлерге барын берген қара халықтың базынасын да жиі естіп жүрміз. Солардың бірі – елде лақап атпен танымал Айс Мұратова. Шын аты – Арайлым. Соңғы 2 жылда ол халықтың сеніміне кіріп, сауда жасап, өзін жақсы жағынан жарнамалаған. Оның ішінде Қытайдан арзан тауарлар, ыдыс-аяқ жіберемін деген әлеуметтік желі арқылы өзін ірі кәсіпкер ретінде көрсетіп, «қол астымда заңды жұмысшыларым бар» деп елді сендіріп келген, - дейді депутат.

«Кәсіпкер» төлемдерді ешқандай келісімшартсыз, яғни карта шотына аударуды сұрайтын көрінеді.

Рас, басында аз-маз ақшаға қажет тауарларды жіберіп, кейін ірі сомаға жеткенде барлық салымшыны бір күнде алдап кеткен. Содан бері не тауар, не ақша қайтарылмаған. Желідегі ақпарат бойынша еліміздің әр өңіріндегі 5 мыңнан аса адамнан жалпы сомасы 30 млрд теңге жинап алып, барлығын алдап кеткен. Енді сауда жасап күн көрмекші болған азаматтар «Тауар да жоқ. Ақшамызды да қайтармады. Арыз жазып шағымдансақ та, бірнеше айдан бері еш нәтиже шықпады» дейді. Алданғандар арасында абысындармен жиналып, үйіне әдемі ыдыс алғысы келгендер де, тіпті ірі кәсіпкер ретінде тіркелген саудагерлер де бар, - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты.

Мұқаев бұл мәселе күннен күнге ушығып бара жатқанын ескертті. Оның сөзінше, алданған отбасылардың жағдайы ауыр. Қаншама шаңырақ шайқалуға жақын. Бұл схема таза қаржы пирамидасына ұқсайды.

Депутат Бас прокурордан мәселелерді ескеріп, тергеуді әділ жүргізіп, іске қатысы бар барлық адамға тиісті жаза қолдану керегін айтты. Мұқаевтың сөзінше, алданған адамдар тергеудің әділетті өтетініне сенбей, жазадан құтылып кете ме деп қорқады.

Мәжіліс депутаты мәселені Бас прокурор Берік Асыловқа жеке бақылауына алуды сұраған еді.

«Айс Мұратова» ісі тергеліп жатыр

Бас прокуратура депутат Мұқаевтың интернет-алаяқтықпен күрес жөніндегі сауалын қарап, жауап берді.

Бас прокурор Берік Асылов мүдделі мемлекеттік органдар жəне мекемелермен бірлесе отырып, осы санаттағы қылмыстардың алдын алу бойынша нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

Атап айтқанда, 2021 жылы алаяқтық пен қаржылық пирамидаларға қарсы 2022 жылға арналған жол картасы əзірленді. Осы шаралар кешенінің тармақтарын жүзеге асыру интернет-алаяқтықтың 3,9%-ға төмендеуіне ықпал етті. Биылдың 11 айында мұндай қылмыстардың шамамен 5,8%-ға өскені байқалады. Бірақ келтірілген шығынның жалпы сомасы 6,9%-ға азайды, - делінген Асыловтың жауабында.

Өткен жылғы жұмыс өзінің тиімділігін көрсетті, сондықтан 29.09.2023 жылы құзыретті мемлекеттік органдар арасында 2023-2024 жылдарға арналған алаяқтықпен жəне қаржылық пирамидалармен күрес жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін бекіту туралы Бірлескен бұйрыққа қол қойылды.

Интернет-саудаға жəне қызметтерге қатысты алаяқ әрекеттердің көбеюін ескере отырып, олардың алдын алу үшін бұл кешен тиісті платформалармен келісім жасауды қамтитын тармақты жүзеге асыруды көздейді. Қазіргі уақытта іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Ал азаматтардың арыз-шағымдары бойынша биыл осы салада жасалған алаяқтық фактілері бойынша 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде 1 871 іс аяқталса, қалғандары қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізуінде, - деді ол.

Берік Асыловтың айтуынша, Айс Мұратоваға (А. Қожамұратова) қатысты қылмыстық іс бойынша Алматы қаласының Полиция департаменті алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді жалғастырып жатқаны хабарлаған.

Соңғы күдікті ретінде танылып, сот үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Қазіргі уақытта қылмыстық қудалау органдарына еліміздің əр өңірінен азаматтардан 267 арыз түсті, келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 500 млн теңге. Тапсырыс құны əрбір жəбірленушіден 10 мыңнан 1,8 млн теңгеге дейін, - деп айтты ол.

Іс қадағалаушы прокуратураның бақылауында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы