Халықты азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мәселесі толғандырып отыр – Смайылов
Үкімет ашық әрі өзін-өзі толықтай қамтамасыз ететін нарықтық экономика құру жолында нақты шараларды іске асырады. Үкімет отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осылай деп мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Біздің алдымызда биыл экономикалық өсімді 4%-ке, ал орта мерзімді перспективада 5%-ке дейін жеткізу міндеті тұр. Экономикалық саясат бірінші кезекте, бизнесті қолдауға бағытталуы тиіс. Бұл орайда, негізгі салаларға тартылатын отандық және шетелдік инвестициялардың көлемін ұлғайтуымыз керек. Сонымен қатар, жыл соңына қарай инфляцияны 2 есе төмендетуге, экспорттық әлеуетті, жаңа технологияларды дамытуға, заңнаманы одан әрі жетілдіруге бағытталған нақты шараларды іске асыруға ерекше назар аудару қажет, – деді ол.
Смайыловтың сөзінше, Үкімет міндеті– инфляцияны ескере отырып, халықтың жалақысының 4,6% деңгейінде нақты өсуін қамтамасыз ету. Жұмыссыздық 4,8%-ке дейін төмендеуі тиіс.
Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін біз бар күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет. Азаматтардың талап-тілектері мен өтініштеріне дер кезінде жауап беру біздің жүйелі әрінәтижелі жұмысымызға айналуы тиіс. Олардың дені негізінен жұмыспен қамту, табысты арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және тіршілікке қажетті инфрақұрылым нысандарына қатысты. Алайда, қоғамды ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру мәселесі толғандырып отыр.Бұл мәселені жаңа тәсілдерді қолдана отырып, шешу қажет, – деді Премьер-министр.