Халыққа тиесілі дүние өздеріне қайтарылуы тиіс – ҚХП
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев мәлімдеді.
Біз, ҚХП «Жер және жер қойнауы халыққа тиесілі» деген Конституциялық норманы іске асыру жөніндегі халық заңын жария түрде әзірлеудің басталғанын мәлімдейміз. Бұл бастамаға бей-жай қарамайтын азаматтарды, әсіресе заңгерлерді, экономистерді, қаржыгерлерді заңның жазылуына атсалысуға үндейміз. Amanat, «Ақ жол» партияларын, сондай-ақ парламенттік емес, оның ішінде әлі тіркелмеген партияларды да халықтық заңды әзірлеу жөніндегі бірлескен жұмысқа қатысуға шақырамыз, - деді партия төрағасы республикалық референдумның қорытындысына жасаған ресми мәлімдемесінде.
Айтуынша, нәтижелі жұмыстың қорытындысынан әрбір азамат мемлекеттік компаниялардан дивиденд алуы тиіс.
Нәтижелі жұмыстың қорытындысында әрбір қазақстандық халық меншігінен тікелей кіріс, атап айтқанда мемлекеттік компаниялардан дивиденд алады деп санаймыз. Заң әділетсіз жекешелендірудің нәтижелерін қайта қарау механизмін және мұндай активтерді олигархтардың қолынан халықтың меншігіне қайтаруды қарастыруы тиіс. Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістерге байланысты және жаңа заң әзірленгенге дейін біз Үкіметтен мемлекеттік компанияларды жекешелендіруді тоқтатуды талап етеміз. Биыл және алдағы жылдары «ҚазМұнайГаз», «Air Astana», «QazaqGaz» қоса алғанда «Самұрық-Қазына» қоры шамамен 40 кәсіпорынды жекешелендіруге шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі жағдайда олар арзан бағамен сатылады. Бұл халықты шығынға ұшыратады. Халықтың активі қайтадан олигархтарға оралмауы керек, - деп атап өтті Ермұхамет Ертісбаев.
Сонымен қатар ол жыл соңына дейін заңсыз шетел асқан 140 млрд АҚШ долларын елге қайтаруды ұсынды.
Бұған қоса жыл соңына дейін шетелге заңсыз әкетілген, халықтың меншігі болуға тиіс қаражатты елге қайтару қажет. Бұл шамамен 140 млрд АҚШ доллары. Әрбір қазақстандық еліміздің байлығынан пайда табуы үшін әділетті Қазақстанды бірге құрып, халық меншігін бірлесіп басқарайық, - деді Ертісбаев.