“Халықпен бірге". Елордада ашық аспан астында концерт өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда күніне орай ашық аспан астында "Халықпен бірге" концерті өтіп жатыр.

Концерт жастар мен ересектердің талғамына сай әртістердің шақыртылуымен   ұйымдастырылған. Олардың арасында Маржан Арапбаева, Дос, Мөлдір Әуелбекова, Әлішер Кәрімов,Ержан Максим, Садраддин, Ninety one бар.

Алаңға жиналған адам қарасы өте көп. Жастар мен ересектер, тіпті кішкентай балаларымен жүргендер де бар. Концертті тамашалауға келгендердің арасында Аяжан Жанболова да бар.

Мен жыл сайын елорда күніне арналған іс-шараларға барамын. Жылда қызықты концерт тегін ұйымдастырылады. Ауа райы да жақсы болып тұр. Осылай сүйікті қаламыздың туған күнін тойлап жатырмыз. Концерттің соңына дейін боламын,- деді ол.

Жоғарғы кеңес 1994 жылы елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. 1997 жылы Тұңғыш Президент астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылдың 6 мамырында Ақмоланың атауы Астана болып өзгерді. Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін елорданың туған күні ретінде мерекеленіп келді. 

Кейінірек заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды. Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде қала халқының саны 290 мыңдай ғана болған. Ал қазір 1 миллионнан асады. 722 шаршы шақырымнан астам аумағы бар. Қала  "Алматы", "Сарыарқа", "Есіл" және "Байқоңыр" деп аталатын 4 ауданнан тұрады. 2019 жылдың наурызында Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімінде Президент «Астана» атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді ұсынды. Елорданы ЮНЕСКО «Бейбітшілік қаласы» деп таныған.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы