Халықаралық жүк тасымалы: Рұқсат беру жүйесіне өзгерістер енгізіледі
Көлік министрлігінде халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Оған жұмыс тобының құрамына кіретін қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Отырыста Қазақстан Республикасында халықаралық қатынаста автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына, сондай-ақ тасымалдаушыларды халықаралық автомобильмен жүк тасымалдауға жіберу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды.
Негізгі назар практикалық мәселелерге аударылды. Жұмыс тобының мүшелері шетелдік рұқсаттарды беру және пайдалану тәртібін жетілдіру, рұқсат беру жүйесінің тиімділігін арттыру және халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау бойынша ұсыныстарын білдірді.
Жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысы бойынша автокөлік құралдарында рұқсат беру жүйесі талаптарының бұзылуын жедел тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-боттың жұмысы қайта іске қосылады.
Рұқсат беру жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс Көлік министрлігі мен сала өкілдерінің өзара іс-қимылы аясында жалғасады.