Бүгiн 2026, 06:35 Фото: magnific.com

Халықаралық волонтерлер жылы: 200 мыңнан астам қазақстандық игі іске атсалысты

Сонымен қатар жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 120 мыңға жуық волонтер атсалысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Атаулы жылдың бастауына 30 қаңтарда Президенттің қатысуымен өткен Волонтерлер форумы негіз болды.

Жыл аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі 23 сәуірде Астанада өткен «Волонтерлік және экологиялық әрекеттер» атты халықаралық сессия болды. Өңірлік экологиялық саммит шеңберінде ұйымдастырылған жиынға БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Хаолянь Сюй және Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан, Корея Республикасы, Жапония мен Ауғанстаннан келген 200-ге жуық делегат қатысты.

Волонтерлердің қатысуымен тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыруға арналған «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы, «Игі істер марафоны» жобасының көктемгі кезеңі және «Таза жағалау – ортақ жауапкершілік» халықаралық экологиялық бастамасы жүзеге асырылды.

Сонымен қатар жыл басынан бері «Таза Қазақстан» республикалық акциясына 120 мыңға жуық волонтер атсалысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Осы мақсатта Қарағанды, Шымкент, Тараз, Қостанай, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көшпелі фокус-топ кездесулері ұйымдастырылып, оған 250-ден астам белсенді волонтер қатысты.

Кездесулер қорытындысында волонтерлік саланы дамытуға бағытталған 120-ға жуық ұсыныс пен бастама жинақталды. Сондай-ақ экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы пысықталуда. Бұдан бөлек, биыл Волонтерлікті дамытудың ұлттық индексі мен Волонтердің цифрлық паспорты қолданысқа енгізілмек.

Бүгінде волонтерлер қызметін үйлестіру жұмыстарын Ұлттық фронт-офис жүзеге асырады. Ел бойынша 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Сонымен қатар бірыңғай Call-орталық пен 1200-ден астам жобаны және 3884 ұйымды біріктіретін Qazvolunteer.kz платформасы еріктілерге қолдау көрсетіп келеді.

Қазіргі таңда 56 волонтерлік жоба жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ әрқайсысының көлемі 1 миллион теңгені құрайтын 60 шағын грант бөлу көзделген.

БҰҰ Волонтерлер бағдарламасымен бірлесіп, Алматы қаласындағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы базасында «Азиялық волонтерлерді даярлау орталығын» құру мәселесі қарастырылуда.

Сонымен бірге толық қаржыландыру бағдарламасы аясында бес қазақстандық волонтер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, ЮНИСЕФ және Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының халықаралық миссияларына қатысу үшін Аргентина мен Қытайға жіберілді.

Мемлекет басшысының бастамасы еліміздегі волонтерлік қозғалыстың дамуына тың серпін берді. Соның нәтижесінде түрлі жобалар мен қоғамдық бастамаларға қатысқан волонтерлер саны 200 мыңнан асты.