Халықаралық Түрік академиясының бақылаушылары референдумның қалай өтіп жатқанына баға берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Халықаралық бақылаушылардың ақпараттық орталығында өткен брифингте Халықаралық Түрік академиясының вице-президенті Физули Маджидли сайлау учаскелерінде сайлаудың қалай өтіп жатқанына баға берді.
Халықаралық Түрік академиясының бақылау миссиясымен келдік. Біз сағат таңғы 7-ден бастап сайлау учаскелерінде болдық. Дәл қазіргі уақытқа дейін 9 сайлау учаскесін аралап келдік. Бұдан кейін де жұмысымызды жалғастыра береміз. Қазіргі таңда халықтың референдумға қатысуға белсенділігін жоғары деп айта аламыз. Оған өзіміз куә болдық, - дейді ол.
Маджидлидің айтуына қарағанда, бақылаушылар сайлау учаскелеріндегі Exit poll орындарын да көрген.
Сонымен қатар басқа ұйымдардың да бақылау мүшелерінің жұмысын байқадық. Біздің ойымызша, Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы және басқа да мемлекеттік уәкілетті органдары талаптарға сай жұмыс істеп жатыр, – дейді Халықаралық Түрік академиясының вице-президенті Физули Маджидли.
Түркі әлемінің ғылыми қауымдастығы Қазақстандағы референдумды бақылап отыр. Дәл қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Түркі мемлекеттерінің бірлігі өте мықты болуы керек. Осы ретте біз өзіміздің байқау миссиямызды күні бойы жалғастырамыз, - деп толықтырды ол.
Сонымен қатар Халықаралық Түрік академиясы гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастыққа сәйкес жұмыс істейді.