Қазақстанда халықаралық шарттардың басымдығы қайта айқындалды: Не өзгерді?
Қазақстанда халықаралық шарттардың ұлттық заңдардан басымдығын айқындау тәртібі өзгерді. 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енген Конституцияда халықаралық шарттар қолданыстағы құқықтың құрамдас бөлігі ретінде сақталғанымен, олардың заңдардан басымдығы бұрынғыдай тікелей көрсетілмейді. Бұл нені өзгертеді және Қазақстан бұған дейін ратификациялаған халықаралық шарттардың мәртебесі қандай болады? BAQ.KZ тілшісі сарапшымен талқылады.
Бұған дейін 1995 жылғы Конституцияның 4-бабында Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы тікелей бекітілген еді. Яғни ұлттық заң мен ратификацияланған халықаралық шарт арасында қайшылық туындаса, халықаралық шарт нормаларын қолдануға конституциялық негіз болды.
ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі Әсемай Көптлеуованың айтуынша, жаңа Конституция бұл тәсілді өзгертті.
Басымдық жойылған жоқ, оны айқындау тәртібі өзгерді
Сарапшының сөзінше, халықаралық шарттардың заңдардан басымдығы туралы норманың Конституциядан алынуын олардың құқықтық маңызы жойылды деп түсінуге болмайды.
Бұл өзгерістің негізгі мәні – халықаралық шарттардың басымдығын толығымен жою емес, оны конституциялық деңгейдегі жалпы ережеден заңнамалық деңгейге көшіру, – дейді Әсемай Көптлеуова.
Яғни халықаралық шарттардың ұлттық құқық жүйесіндегі орны енді барлығына бірдей қолданылатын бір ғана конституциялық қағидатпен емес, заңнама арқылы нақтылануы мүмкін.
Ғалымның түсіндіруінше, мұндай жағдайда шарттың нысаны, Қазақстанның оған келісім беру тәсілі және ол реттейтін қоғамдық қатынастардың сипаты ескерілуі ықтимал. Бұл халықаралық шарттарды қолдану тетігін неғұрлым икемді реттеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге халықаралық шарттар Қазақстанның қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып қала береді.
Қазақстан халықаралық міндеттемелерінен бас тарта ма?
Конституциядағы өзгерістен кейін туындайтын негізгі сауалдың бірі – Қазақстан бұған дейін ратификациялаған халықаралық шарттардың тағдыры.
Әсемай Көптлеуованың айтуынша, жаңа норма бұрын қабылданған халықаралық міндеттемелердің күшін жоймайды.
Бұл жерде халықаралық құқықтағы pacta sunt servanda, яғни «шарттар орындалуы тиіс» қағидаты маңызды. Оған сәйкес, күшіне енген халықаралық шарт тараптар үшін міндетті және адал ниетпен орындалуға тиіс.
Конституцияға өзгерістер енгізілуі бұрын қабылданған халықаралық міндеттемелерді біржақты түрде жоққа шығармайды. Бұрын ратификацияланған халықаралық шарттарға қатысты Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастырады, – деп түсіндірді ол.
Демек, Конституциядағы өзгерісті Қазақстан халықаралық шарттардан бас тартады немесе бұрын ратификацияланған құжаттардың күші жойылады деп түсінуге негіз жоқ.
Негізгі өзгеріс неде?
Мәселенің түйіні халықаралық шарттардың күшінде емес, олардың Қазақстанның ішкі құқық жүйесінде қалай қолданылатынында болып отыр.
Бұрын ратификацияланған халықаралық шарттардың заңдардан басымдығы Конституцияда тікелей бекітілсе, енді олардың қолданылу тәртібін заңнама арқылы нақтылауға басымдық беріледі.
Көптлеуованың сөзінше, мұны Конституцияның жоғары заңдық күшін қамтамасыз етуге бағытталған қадам деп бағалайды.
Мұндай тәсіл халықаралық міндеттемелерді шектеуге немесе Қазақстанның халықаралық құқық алдындағы жауапкершілігін төмендетуге бағытталмайды. Керісінше, Конституция мен халықаралық шарттардың құқықтық арақатынасын нақты ажыратып, Конституцияның жоғары заңдық күшін қамтамасыз етуге бағытталған, – дейді Әсемай Көптлеуова.
Осылайша, халықаралық шарттар Қазақстанның құқықтық жүйесінен шығарылған жоқ және бұрын қабылданған халықаралық міндеттемелер де күшінде қалады. Өзгергені – олардың ұлттық заңнамамен арақатынасын айқындау тәсілі. Енді халықаралық шарттардың басымдығы бұрынғыдай Конституцияда автоматты түрде бекітілген жалпы қағида ретінде емес, заңнамада белгіленетін құқықтық тетіктер арқылы айқындалмақ.