Халықаралық семинарда қазақтың ұлттық ойынын таныстырды
Түркияда өткен "Mind Sammit" атты халықаралық семинарда елордалық балабақшалар «Бестемше» ұлттық ойынын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Зияткерлік ойындардың жасөспірімнің когнитивтік қасиеттерін дамытудағы маңызы» атты халықаралық семинарға елордалық мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен әдіскерлері қатысты.
Елордалық балабақшалар халықаралық іс-шарада «Бестемше» және «Алаңдағы бестемше» ойынының ережесі мен маңыздылығы бойынша шетелдік әріптестермен іс-тәжірибе алмасты.
Астана қаласының №5 «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Айтқалиқызы «Бестемше» ойынына кейбір ерекшеліктер енгізіп, «Алаңдағы бестемше» ретінде жаңа бағытта, яғни, топпен ойнауды ұсынып отыр.
Оның айтуынша, «Алаңдағы бестемшені» заманауи тұрғыда бейімдеп, қатысатын баланың санын 10-ға дейін арттыруға болады.
Бұл ойын арқылы бүлдіршіндердің қимыл-қозғалысқа түсіп, оларды ептілікке баулуға болатынын түсіндіріп, шетелдік әріптестерге таныстырылым жасады, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Астанада «Бестемше» инновациялық жобасы 2022 жылдан бастап 38 елордалық балабақшалардың арасында жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, Астана қаласының Білім басқармасы тұрақты түрде балабақшалар арасында қалалық жарыстар, олимпиадалардың қалалық кезеңін ұйымдастырып отырады.
Қазіргі таңда ұлттық ойынымызға деген қызығушылық артып келеді. «Бестемше» ұлттық ойыны мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық, логикалық және зияткерлік дағдыларының дамуын жетілдіреді.
Халықаралық семинарға Қазақстаннан бөлек, Түркия, Қырғызстан, Чехия, АҚШ тан 100-ге жуық мамандар қатысқан.