Халықаралық сарапшылар Таразда өтіп жатқан қолөнершілер көрмесіне жоғары баға берді
Тараз қаласында өтіп жатқан II халықаралық қолөнершілер көрмесі аясында Жамбыл облысы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің халықаралық сарапшыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Нұржан Календеров облыста дәстүрлі қолөнерді сақтау және дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүріп жатқанын атап өтті.
Бүгінгі таңда облыс аумағында 3 қолөнершілер қауымдастығы жұмыс істейді. Олар: «Шебер Шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігі, Жамбыл облысының «Өшпес мұра» қолөнершілер қауымдастығы, «Жамбыл облысының қолөнершілер одағы» қоғамдық бірлестігі.
Халықаралық қолөнершілер көрмесі қолөнершілікті дамыту мәселелері мен жоспарларын талқылауға, елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға арналған, - деді Календеров.
Азия-Тынық мұхиты аймағының Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Азиз Мұртазаев халықаралық Тараздағы қолөнершілер көрмесінің жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізді.
Жамбыл облысында жергілікті билік пен қолөнершілер арасында тиімді байланыс орнатылғанын көріп отырмыз. Тараз – басқа қалалар үшін үлгі, - деді ол.
БАӘ мәдениет жөніндегі іскер әйелдер кеңесінің басқарма мүшесі Халима Абдулла Рашид қазіргі кезде қолөнершілер орталықтарын ашу, бірлескен шеберлік сыныптарын өткізу мәселелері белсенді түрде талқылануда екенін айтты.
Нұржан Календеров оған қолөнершілікті жандандыру және дамыту ісіне қосқан зор үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
Сондай-ақ, Қазақстан қолөнершілер одағының президенті Айжан Бекқұлова, «Асыл Дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев өз ойларын ортаға салды.