Халықаралық Орталық Азия елдері театр фестивалінде кімдер үздік атанды?

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында жазушы, драматург Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған VІІІ Халықаралық Орталық Азия елдері театр фестивалі өз мәресіне жетті. Бес елдің 11 театр ұжымы бас қосқан фестивальде үздіктер марапатталып, сый-сияпатқа ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы жұртышылығы қарашаның бірінен бері бір апта бойы Қазақстанның және шетелден келген театрлардың үздік қойылымдарын тамашалады. Театр өнерпаздарының өнеріне Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған шетелдік өнер қайраткерлері, театр сыншылары баға берді.

Театр фестивалінің салтанатты жабылу кешінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Әуезов театрына арнайы ат басын бұрып, фестиваль қатысушыларын құттықтады. 

Дәстүрлі өнер жәрмеңкесі биыл әйгілі классик жазушы, көрнекті драматург Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналды. Қазақ театрының өркендеп қанат жаюында Әуезовтің орны ерекше. Жас ұрпақ Мұхтар Әуезовті ұлттық драматургияның дара бастауында тұрған ең ерекше тұлға, ұлы суреткер ретінде тануға тиіс. Жалпы фестивальге келсек, бұл іс-шара Орталық Азия елдері, оның ішінде түркі тілдес мемлекеттердің біртұтас мәдениет бесігін қалыптастырып келе жатқан ауқымды жоба, - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Министр түрлі мәдениет тоғысатын, руханы байланысты арттыратын, шығармашылық қарым-қатынастарды нығайтатын мұндай фестивальдер тек өнердің өрісін кеңейтіп қана қоймай, көптеген әлеуметтік мәселеге әділ таразы болып, қоғамның түйткілді сұрақтарына терең үңілетінін айта кетті.

Биылғы фестивальге бес мемлекеттің нағыз өнер саңлақтары қатысып көрермен қауымның қошетеметіне бөленді. Үздік театрлар бір апта бойы салмақты қойылымдарды көрермен назарына ұсынды. Театр тарландарынан құрылған қазылар алқасы шын мықтыларды өздеріңізбен бірге анықтады. Бұл фестиваль сегіз жылдан бері жаңашыл идеяларға жақсы алаң болып келе жатыр. Елімізге қонақ болып жатқан туыстас  түркі елдерінене келген қандас бауырларымызға шығармашылық табыс тілеймін. Сырлы сахнаны серік етіп адам жанының астарына үңілетін хас таланттарға көрермен қауым атынан шын ықыласымды білдіремін. Өзім келуге бел будым. Келгеніме өте қуаныштымын. Талқылаулардың қалай өткені туралы естідім. Талқы, сын, тәжірибе мен пікір алмасу арқылы Қазақстанда театр өнері жаңа деңгейге шығады деп ойлаймын, - деді Дәурен Абаев. 

1-7 қараша аралығында өткен театр фестиваліне қатысқан театр ұжымдары Мәдениет және спорт министрлігінің дипломымен марапатталды.

Қырғызстан Республикасының белгілі жазушысы, драматург, өнер жанашыры, Түркі Мәдениеті Халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтанбай Раев театр ұжымдарына «Түркісой» халықаралық ұйымының марапаттарын табыс етті.

Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған халықарлық фестивальдің салтанатты жабылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Соңғы жылдары Қазақстан театры дамып келеді. Көкшетауда, Атырауда, Астанада, Алматыда театр фестивалі өтті. Театр процесі Қазақстанда жолға қойылғанын өз көзіммен көрдім. Спектакльдерге  қатысып өте жоғары бағалап жатырмын. Қазақстан, шынында, театр өлкесіне айналып жатыр. Сол үшін сіздерді құттықтаймын. Кеше Бурсада түркі дүниесінің мәдениет министрлерінің қатысуымен Түркі кеңесі өтті. Жыл сайын түркі дүниесінің театр фестивалін өткізіп тұру шешімі қабылданды. Бірінші фестиваль Бакуде болады, - деп Сұлтанбай Раев жақсы жаңалығын бөлісті.

«Түркісой" халықаралық ұйымының Мұхтар Әуезов сыйлығы режиссер Аридаш Оспанбаеваға, режиссер Жұлдызбек Жұманбайға, актер Болат Әбділмановқа, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбекке табыс етілді. «Түркісойдың» ең жоғарғы сыйлығы – арнайы Мұхтар Әуезов атындағы алтын медальмен Еңбек ері, Қазақстанның Халық артисі, актер, режиссер Асанәлі Әшімов марапатталды.

Содан кейін фестивальде үздік өнер көрсеткен театрлардың, спектакльдер мен актерлердің, режиссерлердің аты аталды. Фестивальдің «Актерлік үздік ансамбль», «Поэзияның сахналық көрсетілімі үшін», «Үздік сценографиялық шешім» жүлделерін театртанушы, өнертану докторы, профессор, Өзбекстан Көркемсурет академиясының «Саньат» журналының бас редакторы Қадырова Диляфруз Мухсинқызы табыстады.​«Ең үздік сценографиялық шешім» номинациясы М.Сервантестің романы желісінде Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры ұжымымен «Дон Кихот» спектаклін қойған режиссер Әлімбек Өмірбекұлы марапатталды. Оған ақшалай сыйлық 700 мың теңге табыс етілді. «Поэзияның сахналық көрсетілімі үшін» номинациясына және 500 мың теңге ақшалай сыйлыққа Т.А.Миннуллин атындағы Нижнекамск мемлекеттік татар драма театры сахналаған «На заре» пластикалық спектаклі (режиссері Т.Имамутдинов) ие болды. ​«Актерлік ұздік ансамбль» номинациясы мен 300 мың теңге «МәшҺүр Гален» спектаклін қойған (режиссер Г.Адай) Қ.Қожамьяров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театрына табыс етілді.

«Екінші пландағы әйел адам бейнесі» жүлдесін Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының аға ғылыми қызметкері, «Джумхурият» газетінің мәдениет және ағарту бөлімінің меңгерушісі Таваров Мухамадулло Султонұлы табыстады. Бұл номинацияда екі актрисаның есімі аталды. Олар – «Летающий лекарь» комедиясындағы жиенінің рөлі үшін К.Худжанди атындағы музыкалық комедия театрының актрисасы Сурайе Ходжаева, «Хазина» комедиясындағы әжесінің рөлі үшін Өзбекстан мемлекеттік драма театрының актрисасы Азиза Бегматова. Олардың әрқайсына 700 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. 

«Үздік ер адам бейнесі», «Үздік әйел адам бейнесі» жүлделерін театртанушы, өнертану кандидаты, «Петербург театр журналының» бас редакторы, Ресей мемлекеттік сахна өнері институтының орыс театры кафедрасының профессоры Дмитревская Марина Юрьевна табыстады. «Дон Кихот» трагикомедиясындағы Санчо рөлі үшін Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының актері Нұркен Өтеуіл фестивальдің ең үздік актері атанды.

Ауқымды, жақсы фестиваль өтті. Жан-жақтан келген сарапшылар күнделікті фестивальді сараптап, ойларын айтып отырды. Осындай фествиальдер көп болуы керек. Тәжірибе алмасамыз. Театр қандай бағытта қозғалып жатыр, қандай жаңалықтар болып жатыр, актерлік ойындар қалай дегендей, осының бәрі талқыланды. Қарапайым көрермен де талқылауға қатысты. Қазылардың келісімімен, көрермендердің қошеметімен бұл марапат келді деп ойлаймын, – деді Нұркен Өтеуіл. 

Ал Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Гүлбахрам Байбосынова «Шағала» трагедиясындағы Нина Заречная рөлі үшін «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясына ие болды. Олардың әрқайсына 700 мың теңге ақшалай сыйлық табыс етілді. 

Мен үшін күтпеген марапат. Бүгін басқа іс-шараға дайындалған едім. Аяқ астынан жабылу салтына келдім. Шыны керек, мемлекеттік бірінші сыйлығым. Өте қуаныштымын. Шоктан жылай алмай қалдым. Мен үшін бұл әрі қарай жұмыс істеуіме үлкен мотивация. Актер үшін бұл өте маңызды, неге десеңіз сәл-пәл мақтап жіберсе одан сайын ынталанасың. Өте қуаныштымын. Режиссерге, директорға алғыс айтамын. Бұл спектакльге премьерадан бастап емес, аяқ астынан қосылдым. Екі ай болған шығар. Бұл мен үшін күтпеген сыйлық, – деп Гүлбахрам Байбосынова әсерін бөлісті.

«Ұлттық классиканы көркем игергені үшін» және «Үздік режиссура» жүлделерін театртанушы, өнертану докторы, Әзірбайжан Мемлекеттік Мәдениет және Өнер университетінің профессоры Исрафилов Исрафил Рамазанұлы табыс етті. Ақмола облыстық орыс драма театрының ұжымымен Мұхтар Әуезовтің «Лютый» драмасын сахналаған Тимур Кулов фестивальдің үздік режиссері атанды. «Ұлттық классиканы көркем игергені үшін» номинациясына М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының «Қан мен тер. Ақбала» драмасы (режиссері – Аридаш Оспанбаева) ие болды. 

Орта Азия елдері театр фестивалінің ең басты жүлдесі «Үздік спектакль» номинациясын қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан театрлары ассоциациясының президенті, профессор Асанәлі Әшімов табыс етті.

Ұлы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған халықаралық сегізінші фестивальдің жабылу мерекесінде отырмыз. Фестиваль, театр ел қуанышы. Орта Азия мен түркі тілдес мемелкеттердің азаматтары Қазақстан сахнасында өнер көрсетті. Халық риза болып жатыр. Олар да, біз де өуанып жатырмыз. Өнер, әрине, халықтыкі. Сіздің қуаныштарыңыз біздің қуанышымыз. «Ең ұздік спектакль» деп жюри мүшелері бір ауыздан Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Шағала» спектаклі деп шешті. Режиссері – Елік Нұрсұлтан, – деді Асанәлі Әшімов.

Елік Нұрсұлтанға дипломмен қоса, 1 миллион теңге көлемінде ақшалай жүлде табыс етілді. 

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек фестивальді қорытындылап, өз ойын бөлісті. Оның сөзінше, фестивальдің негізгі мақсаты көрерменге, театр маңында жүрген кісілерге шетелден спектакльдер шақырып, қазіргі таңда театр бағытында қандай жаңалықтар болып жатыр, қандай жаңа әдіс-тәсілдер бар екені жайында өзара тәжірибе алмасу болған.

Барлық шақырған театр келді, кедергісіз сахнада өз спектакльдерін қойып шықты. Биыл алғаш рет жалпыға ашық талқылау өткіздік. Бүкіл спектакльдер көрерменнің көз алдында талқыланды. Бұл алғашқы тәжірибе болған еді. Қызығушылық танытқан көрермендерді көрдік. Спектакль біреуге түсінікті, біреуі түсініксіз деген сияқты. Бүгін міне жеңімпаздарды марапаттап жатырмыз. Шын мәнінде, Мүсірепов театрының «Шағала» спектаклі жеңімпаз атанды. Олармен өте мақтанамыз. Қуанышына біз де қуанып жатырмыз. Елік Нұрсұлтан қазіргі таңдағы жас режиссерлердің қатарында. Сырттан келген қазылар мамандар Қазақстанның жас режиссерлерін жоғары бағалады. Әр қойған спектакльдер бүгінгі таңда режиссураға қойылатын талаптардың үдесінен шықты деуге болады. Әлі фестивальді қорытындылаймыз, нәтижелерін шығарамыз, зерттейміз, талдаймыз. Небір театртанушылар айтқан пікірлердің барлығын жақсылап талдап, түсіндіріп, өзімізге қажеттің барлығын іске асырамыз деп ойлаймын, – деді театр директоры.

Еркін Жуасбек неліктен марапаттың басым көпшілігі Қазақстандағы театр ұжымдарына бұйырғанын айта кетті.

Жүлделердің бәрін қазақ театрлары алып, бұдан керемет болып кетті деудің қажеті жоқ. Өйткені фестивальге сырт мемлекеттерден жақсы спектакльдер келе алмауы мүмкін. Қазіргі кезде шекарадан өтіп, өзге елде спектакль қою күрделі нәрсе. Дәл осы фестивальде қазылар алқасы үздіктердің атын атаған шығар. Ұйымдастырушы болған соң ешкімге жол нұсқаған жоқпыз. Әділ болуға, аттарыңызға сай болуға тырыссаңыз деген ғана өтініш айттық. Сырттан келген спектакльдер оған өкпелей қоймас, өйткені мүмкіндігі барлар келгені көірінп тұр. Қазылар "одан да күшті спектакліміз бар еді, өкінішке қарай, келе алмады" деп айтып жатыр. Тек біз мықтымыз деп айтудан аулақпыз. Ол спектакльдерді де көрерміз, өзіміз де оларға барармыз, – деді Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы