Халықаралық олимпиададан жүлде алған оқушыларға қанша ақша беріледі?
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан құрамасының бірқатар халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсеткенін айтты.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадалардағы жетістіктері туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстан халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетілетін санаулы елдердің бірі болып табылады.
2022 жылдан бастап Халықаралық зияткерлік жарыстарда елімізді лайықты түрде танытып жүрген дарынды оқушылар мен олардың педагогтерін ынталандырудың жүйелі тетігі қалыптасты. Атап айтқанда, олимпиада жеңімпаздарына медаль деңгейіне байланысты 500-ден 1500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде біржолғы сыйақы тағайындалды, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Жүлде қорына қанша сыйақы беріледі?
Алтын медаль – 1500 АЕК-ке дейін (6 487 500 тг),
күміс медаль – 1000 АЕК-ке дейін (4 325 000 тг),
қола медаль – 500 АЕК-ке дейін (2 162 500 тг).
Министр бұл қолдаудың маңыздылығы Мемлекет басшысының дарынды жастарға ерекше назар аударуымен расталатынын атап өтті.
Жүйелі қолдау біздің оқушыларымыздың халықаралық зияткерлік жарыстардағы нәтижелерінде де айқын көрінеді. 2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысып, 1 059 медаль және 57 арнайы марапатқа ие болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96%-ға өскенін көрсетеді, – дейді ол.
Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан құрамасының бірқатар халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсеткенін айтты.
Қазақстан құрамасы робототехника бойынша төрт дүркін әлем чемпионы, химия бойынша Халықаралық Олимпиаданың үш дүркін чемпионы, ал физикада абсолютті чемпион атанды. Ағымдағы жылдың ең маңызды жетістіктерінің бірі Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында тарихи жеңіс болды. Қазақстан құрамасының барлық бес қатысушысы алтын медаль жеңіп алып, ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді, – дейді министр.