Халықаралық Олимпиадада жеңіске жеткен оқушыларға сыйақы табысталды

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиада жеңіпаздарына ақшалай сертификат пен алғыс хат табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл біз үшін – тарихи жыл. Өйткені біз осы жылы  халықаралық олимпиададан 27 медаль жеңіп алып, рекорд жаңарттық. Әрине, бұл біздің оқушыларымыздың жетістігі, білім саласының жеңісі. Әріптестерімізге, ата-аналарға алғысымды білдіремін, – деді министр марапаттау рәсімінде.

Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК (4 770 000 теңге), күміс медальға 1 000 АЕК (3 180 000 теңге), қола медальға 500 АЕК (1 590 000 теңге) көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.

Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында Үкіметке, Оқу-ағарту министрлігіне арнайы тапсырма берген еді. Президент еліміздегі дарынды балаларды қолдау керек екенін атап өтті. Қолдау мақсатында қосымша шаралар қабылдау туралы тапсырма жүктеді. Біз  екі үлкен маңызды шешім қабылдадық. Ол дарынды балаларға жоғары оқу орынына түсу үшін ҰБТ-сыз грант беру сондай-ақ , дарынды балаларға бір мезгіл берілетін үстемақы тағайындау, - деді министр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үндеу жасаған кезде бірнеше маңызды құндылықты атап өткен еді. Олар терең білім, еңбекқорлық жауапкершілік және патриотизм. Бүгінгі дарынды балаларымыз туралы айтар болсақ, олардың бойында дәл осы құндылықтар қалыптасқан. Өйткені әлемдік деңгейдегі олимпиаданы жеңу үшін мұндай құндылықтар маңызды, – деді Оқу-ағарту министрі.

 Еске сала кетейік, биыл Қазақстан оқушылары Халықаралық Олимпиададан 27 медаль жеңіп алған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы