"Халықаралық нөмірге сенбеңіз". Сарапшы алаяқтардың кезекті айласын түсіндірді
Сақ болыңыз! Алаяқтар нөмірді кез келген елдің нөміріне ауыстыра алады.
Қазақстанда абоненттердің белсенділігі тұрақты бақылауда, ал алаяқтық белгілері түрлі арналар арқылы жедел анықталып отыр. Бұл туралы алаяқтыққа қарсы жүйелерді қолдау жөніндегі сарапшы Сергей Федоссев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда байланыс операторлары мен жауапты органдар бірнеше деңгейлі бақылау жүйесін қолданады.
Біз абоненттердің белсенділігін тұрақты түрде бақылап отырамыз. Яғни әртүрлі бақылау түрлері қолданылады. Трафикті қадағалайтын арнайы жүйелер бар – мен сол техникалық жүйелердің жұмысын қамтамасыз етумен айналысамын, – дейді сарапшы.
Федоссевтің сөзінше, тек техникалық жүйелермен шектелмей, әлеуметтік желілердегі шағымдар мен азаматтардың өтініштері де талданады. Бұл алаяқтық әрекеттерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік желілердегі шағымдар, абоненттердің өтініштері зерттеледі. Яғни деректермен және трафикпен жұмыс істеуде түрлі арналар пайдаланылады. Осы арқылы алаяқтық белгілерін жедел анықтаймыз, – деді ол.
Сарапшы симбокс құрылғыларына қатысты жағдайға да тоқталды. Оның айтуынша, 2024–2025 жылдары бұл бағытта күрес күшейіп, құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар нәтижесін берген.
Біз Ішкі істер органдарымен, ҰҚК департаментімен және прокуратурамен бірлесіп белсенді жұмыс істедік. Қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеді. Себебі алаяқтар жедел анықталып, ұсталды, – деді Федоссев.
Сонымен қатар ол алаяқтардың халықаралық нөмірлерді жиі қолданатынын атап өтті.
Алаяқтар нөмірді кез келген елдің нөміріне ауыстыра алады. Егер сізге халықаралық нөмірден қоңырау түссе, әрдайым сақ болған жөн. Егер шетелде таныстарыңыз болмаса, мұндай қоңыраудың алаяқтық болуы әбден мүмкін, – дейді сарапшы.
Федоссев кейбір деректерді толық жариялауға болмайтынын жеткізді. Себебі бұл – абоненттердің мінез-құлқын және қоңыраулар деректерін талдауға негізделген күрделі жүйе.
Жеке деректердің таралуына қатысты да нақты пікір айтылмады. Дегенмен сарапшы бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Алаяқтарды ажыратудың қарапайым белгілеріне тоқталған ол, белгісіз және байланыс кітапшасында сақталмаған нөмірлерден келетін қоңырауларға ерекше назар аударуға кеңес берді.
Сондай-ақ мессенджерлердегі қорғаныс функцияларын пайдалануға болатынын айтты. Мысалы, WhatsApp қосымшасында белгісіз нөмірлерден келетін қоңырауларды үнсіз режимге ауыстыру мүмкіндігі бар.
Бұл – қорғанудың бір тәсілі. Ал SIM-картаның “жарамдылық мерзімі бітті” деген ұғым жоқ. Мұндай хабарламалар – алаяқтардың айласы болуы мүмкін, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, қысқа нөмірлерден келетін қоңыраулар көбіне жарнамалық сипатта болады. Жалпы, алаяқтыққа қарсы негізгі тәсіл – абоненттердің мінез-құлқын, қоңыраулар деректерін және басқа да көрсеткіштерді кешенді талдау. Ал қарапайым азаматтар үшін басты қорғаныс – сақтық пен цифрлық гигиена.