Бүгiн 2026, 11:45 Фото: freepik.com

Халықаралық конькишілер одағы қазақстандық төрешінің Олимпиада ойындарындағы жұмысына баға берді

Судья Надежда Парецкаяға ресми хат жолдады

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) Италиядағы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан төрелік еткен қазақстандық судья Надежда Парецкаяға ресми хат жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Қазақстанның мәнерлеп сырғанау одағы мәлімдеді.

Өз хатында ISU қазақстандық төрешіге алғыс білдіріп, оның жұмысына қатысты айтылған «oбъективті емес» деген айыптауларға қатысты түсініктеме берді:

ISU сізге Милан-Кортинадағы 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанау жарыстарында судья ретінде атқарған жұмысыңыз үшін алғыс айтады. ISU Ойындардағы сіздің төрелігіңіз ұйым ережелеріне сәйкес болғанын, бейтарап және ұлттық мүддеден ада екенін ризашылықпен атап өтеді. Мәнерлеп сырғанаудың тұтастығын сақтау және оны әділ де құрметті спорт түрі ретінде қалдыру үшін ISU төрешілерден дәл осыны талап етеді.

ISU Қазақстандағы баспасөз өкілдері мен қоғам тарапынан қысқы Олимпиада ойындарындағы төрелігіңізге байланысты сізге қатысты жасалған кез келген қудалау әрекеттерін қатаң айыптайды, - деп жазған Одақтың мәнерлеп сырғанаудағы адалдықты қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ребекка Кэрнс.

Айта кетейік, Миланда өткен 2026 жылғы Олимпиадада қазақстандық төреші Надежда Парецкая көпшіліктің талқылауының ортасында қалған болатын.  Жанкүйерлер оның еркін бағдарламада ресейлік Аделия Петросянға барынша жоғары ұпай қойып, ал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың өнеріне тым сын көзбен (қатал) қарағанына назар аударған еді. 

Сондай-ақ, спортшымыз Софья Самоделкина 10-орынға тұрақтаған болатын. 

Еске салайық, бұған дейін конькимен мәнерлеп сырғанау одағы Миландағы төрешілер дауына қатысты мәлімдеме жасаған еді.