Халықаралық ғарыш станциясындағы ақау: Ғарышкерлер уақытша эвакуацияланды
Кейін тараптар жағдайды қайта бағалап, қауіп жоқ деген қорытындыға келіп, ғарышкерлер станциядағы жұмысын жалғастырды.
Халықаралық ғарыш станциясында (ХҒС) ауа ағуы күшейгеннен кейін экипаж мүшелері уақытша қауіпсіз аймаққа көшіріліп, кейін станцияға қайта оралды.
ВВС-дің хабарлауынша, жұма күні станциядағы бес ғарышкер жалғасып жатқан қысым төмендеуіне байланысты ХҒС-қа жалғанған SpaceX Dragon кемесіне кіріп, эвакуацияға дайындалған. Олар скафандр киіп, қажет болған жағдайда Жерге шұғыл оралуға әзір болған.
Қалған екі экипаж мүшесі – ресейлік космонавттар – станцияның ресейлік сегментінде анықталған ауа ағуын жою жұмыстарын жүргізген. Алайда жөндеу жұмыстары кейін тоқтатылып, барлық экипаж қайтадан станцияға оралды.
Ауа ағуы Ресей сегментіндегі «Звезда» модуліне қосылған өтпелі туннельде тіркелген. Мамандардың айтуынша, бұл мәселе бірнеше жылдан бері ара-тұра қайталанып келеді.
Роскосмос жөндеу кезінде арнайы құрал қолдану арқылы жарықшақты кеңірек ашу әдісін ұсынған, алайда NASA бұл тәсілмен келіспей, экипажды уақытша қауіпсіз аймаққа көшіруге шешім қабылдаған.
Кейін тараптар жағдайды қайта бағалап, қауіп жоқ деген қорытындыға келіп, ғарышкерлер станциядағы жұмысын жалғастырды.
NASA өкілі Бетани Стивенс бұл шешім экипаж қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгеннен кейін қабылданғанын мәлімдеді.
ХҒС – Жер орбитасындағы ең ірі адам жасаған нысан. Оны АҚШ, Ресей, Канада, Жапония және Еуропаның бірнеше елі бірлесіп басқарады.