Халықаралық есірткі арнасы жойылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі халықаралық есірткі синдикатының заңсыз әрекетінің жолын кесуге бағытталған көп сатылы халықаралық операцияны әзірлеп, іске асырды.
Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұл қылмыстық топ Таяу Шығыс пен Азия азаматтарынан тұрды.
Есірткі контрабандасы арнасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, ақырғы баратын жері Нидерланд болған.
Осы топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.
Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті.
Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталды.
Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді.
Бұдан әрі, Амстердам қ. құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады.
Сарапшылардың деректері бойынша, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны 2 млн. АҚШ долларын құрайды.
Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.