Халықаралық эксперттер еліміздегі балалар мәселесін талқылады
Елордада балалар құқығын қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқыланған конференция болып өтті,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Конференцияға оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі, БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілдері, Чехия, Хорватия, Сербия, Венгрия, Қырғызстан және басқа елдердің халықаралық сарапшылары, сондай-ақ ҚР Парламентінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, педагогтер, ата-аналар мен балалар өкілдері қатысты.
Конференция барысында "Балалар жылы" жасалған жұмыстарға тоқталған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов шараның маңызын атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды - балалар жылы деп атаған болатын. Бүгінгі конференция барысында осы мәселені халықаралық эксперттермен, халықаралық құқық қорғау ұйымдармен талқылап, алдағы жұмыстар жөнінде ақпараттармен бөлісеміз",-деді министр.
Сондай-ақ министрдің сөзінше биылғы жылы балаларға жақсы жағдай жасалды.
"Әрине, балалар жылында ауқымды шаралар жүргізілді. Осы жылы басталған іс әрі қарай да жалғасын табатын болады. Мемлекет басшысының биылғы сайлауалды бағдарламасында да басты назар балаларға аударылды. Бүгінге дейін балаларға тегін ыстық тамақ беру мәселесі қарастырылды және еліміздегі балабақшалар мәселесін шешу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, балалар мектепке қатынайтын арнайы 500-ге жуық автобустарды алдырту іске асырылуда",-деп атап өтті министр.
Алдағы уақытта апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі толық шешіліп, жаңа мектептер құрылысы салынбақ.
Конференцияға қатысқан шетелдік мамандар да бұл мәселеге пікір білдірді.
БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен Қазақстанда балалардың ең жоғары мүдделерін қамтамасыз ету және олардың әл-ауқатын күннен-күнге жақсарту үшін прогрессивті қадамдар жасалып жатқанын ерекше атап өтті.
«ЮНИСЕФ Қазақстан үкіметіне балалардың әл-ауқатын ұлттық және жергілікті деңгейде жақсартуда ұзақ уақыт бойы қолдау көрсетіп келеді. Орталық және жергілікті атқарушы органдар Балалардың әл-ауқатының индексін жұмыс құралы, проблемалық аймақтарды көрсететін компастың бір түрі ретінде пайдаланады деп сенеміз. Ол объективті көрсеткіштерге сүйене отырып, балалардың мүддесіне сай шешім қабылдауға көмектеседі»,-деді ол.