Халықаралық автомобиль тасымалы бойынша Литва мен Польшада кездесу өтті

ИИДМ вице-министрі Алмаз Ыдырысов Қазақстан атынан Литвадағы өткен Қазақстан-Литва «Халықаралық автомобиль қатынасы бойынша аралас комиссия» отырысына қатысып, Литва Республикасының Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Лорета Маскалевьенемен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Алмаз Ыдырысов Литва Республикасымен ынтымақтастықты дамытып, нығайту Қазақстанның сыртқы саясатында маңызды екендігін атап өтіп, автомобиль тасымалының маңызды рөл атқаратынын айтқан.

Отырыс барысында автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі туралы статистикалық деректермен алмасу және рұқсат бланкілерін пайдалану, 2022 жылға жүктерді тасымалдауға рұқсат бланкілерін қосымша алмасуға квота белгілеу мәселесі талқыланып, Литва өкілдерінің Қазақстанды Литвадағы рұқсаттарды толтыру мен пайдаланудың жаңа ережелерімен таныстырды. Кездесу соңында вице-министр Қазақстан-Литва «Автомобиль көлігі бойынша аралас комиссияның» кезекті отырысын Қазақстанда өткізуді ұсынды.

Айта кетейік, 2022 жылға Литвамен 9 мың бірлік көлемінде рұқсат бланкілерімен алмасу жүзеге асырылмақ. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша, Литва рұқсаттарының 65 пайызы қазақстандық тасымалдаушыларға берілген болатын.

Автомобиль көлігі саласындағы Литваның Қазақстанмен ынтымақтастығы, жолаушылар мен жүкті автомобиль көлігімен халықаралық тасымалдау туралы үкіметаралық келісіммен реттеліп, халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсат беру жүйесімен қарастырылған. 1993 жылы 21 шілдеде Вильнюс қаласында ынтымақтастыққа қол қойылған болатын.

Польшада Алмаз Ыдырысов делегация басшысы, Польша Республикасының инфрақұрылым министрінің орынбасары Рафаэль Вебермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында, вице-министр екі ел арасындағы автокөлік тасымалы көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, 2022 жылдың 1 жартыжылдығында Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Польшадан жүктердің транзиттік тасымалдау көлемі 443,2 тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 97%-ға өскенін айтқан.

Кездесуде екі ел өкілдері 2022 жылға жүктерді тасымалдауға рұқсат бланкілерін қосымша алмасуға квота мен 2023 жылға алдын ала квотаны белгілеп, Қазақстан көмірін Польшаға тасымалдау мәселесін талқылаған болатын. Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстан тарапынан Польшаға көмір экспорттауда ешқандай шектеулер жоқ. Ал, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Польша Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімге 1997 жылы 23 мамырда қол қойылып, 1998 жылы 15 сәуірде күшіне енгенін айта кеткен жөн.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы