Халық табысын арттыру бағдарламасы. 2025 жылға дейін 2 млн жұмыс орны ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында айтты.
Халық табысын арттыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі бағдарлама шеңберінде Еңбек министрлігі жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау бойынша 3 негізгі бағытта жұмыстар жүргізетін болады. Біздің қатысуымызбен барлығы 33 іс-шара қарастырылған, оның 16-сы тікелей министрлікпен жүзеге асырылады, - деді ол.
Министр атағандай, бұл шаралар күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету,
2025 жылға дейін 2 миллиондай жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді.
Бүгінгі күні еңбек нарығында 300 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтығандар азаматтық келісім-шарттар негізінде жұмыс атқаруда. Тапсырыс берушілер мен орындаушылардың арасындағы қарым-қатынас күрделі бюрократиялық процесс, - деді ол.
Министрдің айтуынша, шетелдік жұмыс күшінің құрамында 60 пайызға жуығы жұмысшы мамандықтары бойынша тартылады.
2018 жылдан бастап министрлік құрылатын жұмыс орындарына мониторинг жүргізу үшін интеграцияланған карта жүйесін әзірледі. Дегенмен ақпараттық жүйеде жұмыс орындарын құру бойынша жоспарлар толық емес, - деді ол.