Халық шілдеде зейнетақы жинағын жаппай ала бастады – неге?
Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану айтарлықтай белсенділікке ие болуда. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) шілде айындағы мәліметтеріне сүйене отырып, Бірінші кредиттік бюро мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғын үй мәселесіне байланысты белсенділік артты
Шілде айында тұрғын үйге байланысты біржолғы төлем алуға 110,9 мыңға жуық өтініш орындалған. Бұл көрсеткіш:
• маусым айымен салыстырғанда үштен бірге көп,
• бірінші жартыжылдықтың орташа айлық деңгейінен 82%-ға артық,
• ал өткен жылдың шілде айындағы белсенділікпен салыстырғанда 2,7 есе жоғары.
Төленген жалпы сома 56,2 млрд теңгені құрап, маусым айымен салыстырғанда 29%-ға өскен. Алайда бір өтінішке шаққандағы орташа сома азайып отыр:
• 2024 жылдың шілдесінде бұл көрсеткіш 507 мың теңге болған,
• ал бір жыл бұрын – 1,1 млн теңге.
Зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдаланушылардың көбісі:
• тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі салымдарын толықтырған,
• немесе ипотекалық қарызын ішінара өтеген.
Осы екі мақсатқа өтініштердің 90%-ы тиесілі.
Емделуге алынған жинақтар да рекорд жаңартты
Шілде айында емделуге зейнетақы қаражатын алу бойынша 66,9 мың өтініш орындалған. Бұл:
• маусым айымен салыстырғанда 67%-ға,
• бірінші жартыжылдықтың орташа айлық көрсеткішінен 2 есе,
• өткен жылдың шілдесімен салыстырғанда 3,2 есе көп.
Бұл мақсатта төленген сома 51,9 млрд теңгені құрады. Бұл да маусыммен салыстырғанда 63%-ға өсім көрсетіп отыр.
Алайда мұнда да бір өтінішке шаққандағы орташа сома азаюда:
• Қазіргі орташа сома – 776 мың теңге,
• бұл былтырғы көрсеткіштен 36%-ға төмен.
БЖЗҚ мамандарының айтуынша, зейнетақы жинақтарын пайдалануға деген қызығушылық тек артып келеді. Бұл тұрғындар арасында қаржылық сауаттылықтың артып, жинақтарды тиімді басқаруға ұмтылудың белгісі болуы мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін де қазақстандықтардың зейнетақыға жиналған ақшасын шешуге сұранысы күрт артқанын хабарлаған болатынбыз. Зейнетақы қоры қазақстандықтарға үндеу жасағаны жайлы да жаздық.
Еңбек министрлігі Қазақстанда зейнетақы төлемдері кей жағдайларда уақытша тоқтатылуы мүмкін екенін мәлімдеді.