Халық шешімді күте-күте әбден шаршады. Депутат Үкіметке халыққа көмектесу керегін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Үкіметке халықтың суармалы егістікке қатысты мәселесін жедел шешіп, халыққа көмектесу қажеттігін айтты.
Біз күні кеше ауыл-аймаққа барып келдік. Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Зайсан, Тарбағатай аудандарында биылғы егістікті суару мәселесі өте мүшкіл жағдайда. Ол жақтағы бүкіл гидроқұрылыстар республикалық «Казводхоз» кәсіпорны еншісінде. Былтыр Күршім ауданы Жауғашты гидроузелін су шайып кеткен. Себебі, бұл су торабы 30-40 жыл бойы жөндеу көрмеген. Нәтижесінде, 5 ауылды мекеннің 79 шаруа қожалығының 3933 гектар егістік жері, 669 жеке қосалқы шаруашылықтан 185 гектар бау-бақшалық жері сусыз күйіп кетті, - дейді Саиров.
Оның сөзінше, Зайсан ауданындағы Үйдене плотинасына соңғы рет жөндеу 1983 жылы жасалған. Қазір плотина қаусап тұр.
73 млн шаршы метр су жинауға қабілетті плотина бар жоғы 21 млн шаршы жиған. Осының нәтижесінде 10 251 гектар суармалы жердің 5 251-і игерілмей отыр. Яғни 5 580 тонна дәнді дақыл, 1 925 тонна картоп, 1 575 тонна көкөніс, 8 856 тонна майлы дақылдар кем өндіріліп отыр. Жөндеу жұмыстары бүгін-ертең басталатын түрі жоқ, - деп толықтырды Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар мәжілісменнің мәліметінше, Тарбағатай ауданы Қандысу плотинасының жөндеу күткеніне 22 жыл болған. Құжаттар Үкіметтің шексіз бюрократия бекінісінен өте алмай жатыр. Авариялық жағдайына байланысты 43 млн шаршы метр су жинауға қабілетті плотина биыл мүлдем су жимайды. Нәтижесінде 7 000 гектар суармалы жердің 2 500 ғана суарылып отыр. 374 шаруа қожалықтары зардап шеккен.
Тарбағатай ауданы Қарғыба гидроузелінің су алып, істен шыққанына 10 жыл болған. Жөндеу орта жолда қалып қойған. Соның нәтижесінде 1 500 гектар жоңышқа жойылып кетті, 4 439 гектар егіс алқабы суарусыз тұр. Зардап шеккен шаруа қожалықтарының саны 312. «Казводхоз» кәсіпорны бюджетке тәуелді. Ал осы жақтағы стратегиялық мәні бар құрылыстарды жөндеу министрліктердің қисық-қыңыр позициясына байланысты, сатып алу заңындағы бюрократияның салдарынан ондаған жылға созылып кеткен. Проблемалар күйіп тұрса да, бүгінгі бюджеттің нақтылауына кірмеді. Бюджет процесінің осындай салғырттығы әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі ықтимал, - дейді Ерлан Саиров.
Ол атап өткендей, Президент бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлығында осындай өзекті мәселелерді жедел шешуді талап етіп отыр.
Көріп отырғанымыздай, осы аудандарда гуманитарлық апатты жағдай қалыптасты. Проблеманы жедел шешу үшін осы аудандарда өңірлік Төтенше жағдай жариялап, Үкіметтің резервінен қаржы бөлу қажет деп есептейміз. Халық шешімді күте-күте әбден шаршады. Жалпы бюджетті қолдаймын. Бірақ сіздер, Үкімет мүшелері халыққа көмектесіңіздер. Халыққа су бүгін, қазір қажет. Сондықтан жоғарыда аталған мәселелерді ширақ реттеу қажет. Республика бойынша, басқа да аймақтарда бұл мәселе күйіп тұр, ертең жалпы Ұлттық техногендік дағдарысқа ұшырауымыз мүмкін, - деп түсіндірді депутат Саиров.