Халық сайлаған әкімдер - халықтың ішінен шыққан лидерлер - Зұлфұхар Ғайыпов
Елімізде алғаш рет аудан әкімдері мен облыстағы маңызы бар қала әкімдерін сайлау 5 қарашада өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірақ бұл пилоттық жоба ретінде жүзеге асады. Яғни, барлық облыстың қала, аудандарында сайлау болмайды. Мәслихат бекітіп берген жерлерде ғана өтеді.
Осы орайда бұл сайлаудың маңызы мен қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жайлы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры, Ұлттық Құрылтай мүшесі Зұлфұхар Ғайыповтан сұраған едік.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлау басталады деп айтқан еді. Қазір енді Президенттің айтқан жолдауы іске асып жатыр. Сайлауға саяси партия арқылы немесе өз-өзін ұсыну арқылы да түсе алады. Өз-өзін ұсынған кандидат 350 мың теңге жарнасын төлеуі тиіс деп айтылып жатыр. Негізі сайлаудың маңызы зор. Біріншіден, елімізде демократиялық үрдістердің жалғасып жатқанының бір көрінісі. Екіншіден, бұл Президентіміз айтқан саяси реформаладың бастамасы деп қабылдау керек. Кейде бұл қаншалықты өзекті деп уәж айтып жатады. Негізі бұл өте маңызды. Себебі, біз бұған дейін ауыл әкімдерін сайладық. Қазір ауыл әкімдерінің 64% жергілікті жұрттың сайлауымен тікелей қызметке келді. Бұл біздің елімізде қоғамда демократияландыру және билік құзыретін біртіндеп жоғарыдан жергілікті жерге беру үрдісінің жалғасып келе жатқанын білдіреді. Егер де осы процессті әрі қарай жалғастырамыз десек Парламенттің қабырғасында жергілікті өз-өзін басқару туралы Заң жатыр. Бұл заң тезірек қабылданса бұл процесс одан әрі жүре береді деп ойлаймыз. Бір сөзбен айтқанда сайлау бұл еліміздің Ата-заңымыздағы жазылған демократиялық құқықтық мемклекет екендігінің бір көрінісі деп айтуға болады,-дейді Зұлфұхар Ғайыпов.
Зұлфұхар Ғайыповтың айтуынша, аудан мен қала әкімдерін сайлау жауапкершілікті күшейтеді.
Сайланған ауыл әкімдері тұрғындардың өзі сайлауы негізінде қызмет істеп жатыр. Бұл үлкен жетістік. Себебі бұл тұрғындарға елдің ішіндегі, аймақтағы, кенттегі көптеген мәселелерді сайлап алған сол әкімдерімен тікелей шешуіне мүмкіндік бар. Бұл сайлаудың халыққа беретіні өте көп. Соның бірі әкімдердің жауапкершілігін күшейтеді. Бұрын бізде қалай болды? Әкімді тағайындайтын. Ол «сен тимесең, мен тиме» деп тағайындалған мерзімі өткенше отыратын. Иә, шынында да жергілікті жерде қаржының тапшылығы да бар. Менің қолымда қаржы жоқ деп отыра беретін. Ал егер сайлайтын болса, келешек әкімдерге үлкен мотивация. Өздері де қаржы көздерін табу керегін ойлайды. Өзінің беделі де өсе береді. Халық сайлаған әкімдер халықтың ішінен шыққан лидерлер. Сайлауды біз келешекте мемлекетті басқаратын саяси лидерлердің арасындағы бәсеке деп білуіміз керек. Кадр тапшылығы да болмайды.
Айта кетейін, сайлауға түсетін кандидаттың жасы 25-тен жоғары болуы тиіс. Екінші – оның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуі міндетті емес. Яғни, кез-келген салада жұмыс істеген азамат өзінің кандидатурасын ұсына алады. Кемінде 50 адамы бар ұжымды 2 жыл басқарған болуы керек