24 Тамыз 2026, 16:27 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Халық саясатқа емес, болашағына алаңдайды – Андрей Казанцев

Андрей Казанцев саяси науқанға қатысты пікірін айтты 

Қазақстандықтардың сайлауға белсенді қатысуы олардың партиялық саясатқа қызығушылығынан гөрі, өзінің және балаларының болашағына алаңдауымен байланысты. Мұндай пікірді Орталық Азия бойынша сарапшы, Нархоз университетінің профессоры Андрей Казанцев білдірді.

Сарапшы әлемнің көптеген елінде сайлаушылар белсенділігі төмендеп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, қоғамда даралану үрдісі күшейіп, адамдардың саясатқа қызығушылығы бәсеңдеген тұста Қазақстандағы көрсеткіш ерекше назар аудартады.

«Мұны қоғамның саясатқа деген ерекше қызығушылығы деп біржақты бағалауға болмайды. Қарапайым адамдар партиялық саясатқа соншалықты қызыға бермеуі мүмкін. Алайда оларды өзінің және балаларының болашағы алаңдатады. Қазір әлемде қауіпті әрі алаңдатарлық жағдайлар аз емес. Болашаққа деген оптимизм төмендеп, ертеңгі күнге қатысты алаңдаушылық күшейіп келеді. Осындай жағдайда қазақстандықтар сайлауға қатысудың өз болашағына тікелей қатысы бар екенін түсінеді», – деді Андрей Казанцев.

Профессордың айтуынша, азаматтар партиялық саясаттың барлық қыр-сырын терең түсінбеуі мүмкін. Дегенмен олар үшін ел дамуының жалпы бағыты маңызды.

«Адамдарды елдегі жағдай жақсарып келе ме, әлде жоқ па деген мәселе толғандырады. Қоғамның мұндай ұстанымы саяси партияларға белгілі бір деңгейде қысым жасайды», – деді ол.

Андрей Казанцев Қазақстандағы институционалдық құрылымның өзгеруі партиялық саясаттың рөлін арттыратынын айтты. Енді депутаттар аумақтық қағидат бойынша емес, партиялық тізім арқылы сайланады.

«Академиялық ортада “институттардың маңызы зор” деген қағида бар. Сондықтан мемлекеттің конституциялық құрылымы да аса маңызды. Қазақстанда бұл құрылым өзгерді. Азаматтардың депутаттарды партиялық тізім арқылы сайлауы партиялық саясаттың маңызы арта түсетінін білдіреді», – деді сарапшы.

Оның пікірінше, сайлаушылардың жоғары белсенділігі қоғамда саяси өзгерістерге деген сұраныстың бар екенін көрсетті. Ендігі міндет – саяси партиялардың осы сұранысқа сай нақты ұсыныс жасауы.

«Партиялар өз жұмысын және жалпы партиялық саясатты жаңғыртып, халықпен тығыз байланыс орнатуға, азаматтардың мүддесін зерделеуге тиіс. Сондай-ақ қоғамға болашақтың айқын бейнесін ұсынып, жаңа Құрылтайды реформалардың орталығына айналдыруы қажет. Егер осының бәрі жүзеге асса, жаңа конституциялық құрылымның нақты жұмыс істей бастағанын көрсетеді», – дейді профессор.

Андрей Казанцев сайлаушылардың жоғары белсенділігін саяси жүйе үшін оң белгі ғана емес, партияларға бағытталған қоғамдық талап деп бағалады.

«Қоғам тарапынан сұраныс жоғары. Енді саяси партиялар осы сұранысты қанағаттандыруы керек», – деп түйіндеді сарапшы.