"Халық қаһарманы" Әбдіғали Қаймолдин дүниеден өтті
Ұлы Отан соғысының ардагері, "Халық қаһарманы" Әбдіғали Қаймолдин 104 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Абай облысының әкімі Берік Уәли фейсбук парақшасында жазды.
Әбдіғали Қаймолдин – 17 жасында майданға аттанып, төрт жыл бойы от пен оқтың ортасында ерлікпен шайқасқан жауынгер. Сталинградтан бастап, Харьков, Украина, Беларусь және Балтық майдандарындағы ұрыстарға қатысып, бірнеше рет жараланса да, Отан үшін жан аямай күресті. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де ел игілігі үшін еңбек етіп, облыстық және аудандық деңгейдегі басшылық лауазымдарда қызмет етті.
2023 жылы Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай Мемлекет басшысының Жарлығымен оған "Халық қаһарманы" атағы беріліп, "Отан" ордені мен Алтын жұлдыз табысталды. Бұл – Әбдіғали ақсақалдың ерен ерлігіне, елге сіңірген еңбегіне берілген ең жоғары баға еді. Азаматтық болмысы биік, ел мен жердің шынайы жанашыры болған тұлғаның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады. Марқұмның отбасы мен жақындарына, туған-туыстарына, ұрпағына және күллі Абай жұртына қайғырып көңіл айтамын. Жаратқан марқұмды рақымына бөлеп, артында қалған ұрпағына сабыр, береке, амандық бергей. Иманы жолдас, топырағы торқа болсын!, - деп жазды әкім.