"Халық" партиясы өңірлерде жаңа Конституция жобасын талқылауды жалғастырып жатыр

Қазақстан Халық партиясының өңірлік филиалдары жаңа Конституция жобасын талқылауға белсенді қатысуда. Партия өкілдері конституциялық реформаға арналған кездесулер, пікірталастар, дөңгелек үстелдер және өзге де іс-шаралар ұйымдастырып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Павлодар қаласында талқылау Достық үйінде өтті. Іс-шараға партияның облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Әлімбек Әгібаев пен өңірлік белсенділер қатысты. Облыс әкімі Асайын Байханов Конституция жобасы азаматтардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сарапшылардың ұсыныстары негізінде әзірленгенін, барлығы 2 мыңнан астам бастама жиналғанын айтты. Партия мүшелері құжатты толық қолдайтынын және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын екенін білдірді.

Талқылау барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтетінін, заң үстемдігін күшейтетінін, саяси жүйені жаңғыртатынын, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Заң және тәртіп» қағидаттарын алғаш рет бекітетінін атап өтті.

Жамбыл облысында кездесу партия белсенділерінің қатысуымен өтті. Облыстық филиал төрағасының орынбасары Болатбек Қолтаев жиынды ашып, төрағаның міндетін атқарушы Рахман Аққозиев құжаттың негізгі ережелерін түсіндірді. Тараз қалалық мәслихатының депутаттары Елдос Далабай мен Азамат Лесбек жобаға енгізілген өзгерістер мен негізгі баптарға кеңінен тоқталды.

Осындай кездесу Шымкент қаласында да өтті. Мұнда партия белсенділері Конституцияның негізгі нормалары бойынша жан-жақты ақпарат алып, Қазақстан Халық партиясы ұстанымдары мен қоғамдық-саяси институттардың рөлін талқылады.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттырып, қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді.

Кездесулер қорытындысы бойынша жаңа Конституция жобасына деген қызығушылық жоғары екені, ал тұрғындар елдің құқықтық және әлеуметтік жүйесін жақсартатын жаңашыл өзгерістерді күтетіндігі атап өтілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қазақстан Халық партиясы
Өзгелердің жаңалығы