«Халық Отансыз қалды»: Қоғам қайраткері КСРО ыдыраған кезеңді еске алды
Қоғам және мемлекет қайраткері Болат Ахметғалиев Кеңес Одағы ыдыраған кезеңдегі саяси жағдайды, Алматы декларациясының қабылдануына дейінгі келіссөздер мен құжаттың тарихи маңызын еске алды. Оның айтуынша, КСРО-ның тарауы, тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы, ортақ мүлікті бөлісу және ядролық қарудың тағдырын шешу сол кезеңдегі ең күрделі мәселелер болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Болат Ахметғалиевтің айтуынша, 21 желтоқсанда Алматы декларациясы қабылданғаннан кейін де көптеген сұрақ туындаған. Ең алдымен, бұрын бір мемлекет құрамында болған елдер енді қалай бөлінеді және халықты болашақта не күтіп тұр деген мәселе өзекті болды.
Біріншіден, енді қалай ажыраймыз? Болашақта халқымызды не күтіп тұр? Халқымыздың бір бөлігі Отансыз қалды деуге болады. Кеңес Одағының тарауы және тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы бүкіл Кеңес Одағы халқы үшін өте ауыр соққы болды. Ең бастысы, бұл үдеріс бір сәтте болған жоқ. Оған дейін бірқатар саяси және экономикалық, әсіресе экономикалық қиындықтар орын алды. Сондықтан Алматы декларациясының қабылдануы халықты біршама сабырға шақырды, – дейді ол.
Қоғам қайраткері сол кезеңде Президент пен Министрлер кабинеті аппаратының ТМД мәселелері жөніндегі бөлімін басқарғанын айтады. Бұл қызметке ол енді ғана тағайындалған екен. Сондықтан Алматы декларациясын әзірлеу мен қабылдау жұмысына тікелей қатысқан.
Оның сөзінше, декларацияны қабылдау үдерісіне 11 мемлекет қатысқан. Бұған дейін Кеңес Одағының ыдырауына қатысты бірнеше маңызды саяси оқиға болған. Мәселен, үш славян мемлекеті – Ресей, Украина және Беларусь басшылары Беловеж орманындағы Вискули елді мекенінде бас қосып, Кеңес Одағының өмір сүруін тоқтату туралы келісімге қол қойған.
Ахметғалиев сол кезеңдегі саяси үдерістерге Ресейдегі демократиялық күштердің, соның ішінде Геннадий Бурбулистің және сол кездегі Сыртқы істер министрі Андрей Козыревтің ықпалы болғанын атап өтті. Бурбулис келіссөздер барысында жауапты хатшы қызметін атқарған.
Сонымен қатар 1990 жылы одақтас республикалардың егемендікке ұмтылысы күшейе түсті. Саясаткер бұл үдерісті «егемендік шеруі» деп сипаттайды. Алғашқылардың бірі болып Ресей тәуелсіздікке қатысты саяси қадам жасады. Одан кейін Украина өз ұстанымын білдірді. Сол жылы Балтық жағалауының үш республикасы Кеңес Одағынан шығатынын мәлімдеді. Грузия да осындай шешім қабылдады.
Біз осындай жағдайда қалдық. Ешқандай құқықтық кепілдіктер сақталмады, әсіресе экономикалық заңдар мен Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан тәртіптер бұзылды. Соның салдарынан өте ауыр жағдайға тап болдық, – дейді Болат Ахметғалиев.
Оның айтуынша, Алматы декларациясына бірнеше қосымша құжат тіркелген. Олардың бірі – Кеңес Одағының ортақ мүлкін тәуелсіз мемлекеттер арасында қалай бөлу керектігіне қатысты болды. Бұрын бір мемлекеттің меншігінде болған активтер мен мүліктің ендігі тағдырын шешу қажет еді.
Ал ең күрделі әрі маңызды мәселелердің бірі ядролық қаруға қатысты болды. Кеңес Одағы ыдыраған кезде Ресей, Қазақстан, Беларусь және Украина аумағында ядролық қару орналасқан. Сондықтан оны қалай басқару, тағдырын қалай шешу және мемлекеттер арасындағы жауапкершілікті қалай бөлу керектігі үлкен мәселе болды.
Ең қорқыныштысы әрі маңыздысы – атом қаруын қайтеміз деген сұрақ еді. Оны қалай бөлеміз? Төрт республика – Ресей, Қазақстан, Беларусь және Украина ядролық қаруға ие болды. Яғни ядролық қару осы республикалардың аумағында орналасқан еді. Оның басым бөлігі Ресей мен Қазақстанда болды, – дейді ол.
Болат Ахметғалиевтің айтуынша, Қазақстан аумағында ядролық қару алып жүруге қабілетті 100-ден астам стратегиялық зымыран болған. Сонымен қатар бортында 12 зымыранға дейін алып жүре алатын 40-тан астам стратегиялық бомбалаушы ұшақ орналасқан.
Бұл қару-жарақтың одан арғы тағдырын шешу, оны бақылау мен басқару тәртібін белгілеу тәуелсіз мемлекеттер үшін аса маңызды міндетке айналды.
Қоғам қайраткерінің сөзінше, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ортақ мүлікті бөлу, ядролық қару мәселесін реттеу және жаңа мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру сияқты күрделі міндеттердің барлығы тәуелсіз елдердің мойнына түсті. Алматы декларациясының мазмұны мен оған тіркелген құжаттар дәл осы мәселелерді шешуге бағытталды.