Халық нанды қарызға алатын жағдайға жеткен – депутат

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Сайыров Ауылшаруашылық министрі Айдарбек Сапаровқа сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат сауалында отандық ауыл шаруашылығыдағы өте күрделі жағдайда тұрғанын айтып, дабыл қақты.

Gosagro субсидиялау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істемейді. Фермерлер 2020 жылдан бері барлық субсидия түрін уақытында ала алмаған. Бұл оларды жылдық 20 пайызбен қымбат несие алуға мәжбүр етіп, қаржылық жағдайын айтарлықтай нашарлатып отыр, - деді Сайыров.

Оның айтуына қарағанда, Ақмола облысының өзінде 23 мың өтінімнің 13 мыңы ғана қаралған, ал Жетісу облысында 1 600 диқан пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды ала алмай отыр.

Биыл шаруаларды қолдауға субсидия былтырмен салыстырғанда 5,4%-ға аз бөлінді. Тыңайтқыштарға субсидиялау 23%-ға, пестицидтерге 27%-ға, мал шаруашылығына 21%-ға, бағаны тұрақтандыруға субсидиялау 20%-ға қысқарды. Ауыл шаруашылығын субсидиялауға биыл бөлінген қаржы, өткен жылғы қарызды өтеу үшін жұмсалған. Ал биылғы тапсырыс бойынша 124,5 млрд теңге тапшылық пайда болған. Үкімет Қосымша қаржы бөлу жөніндегі шешімді әлі қабылдаған жоқ, - дейді Ерлан Сайыров.

Депутаттың сөзінше, мал шаруашылығында да жағдай күрделі.

Тірі малды әкетуге тыйым салу, ірі қараның экспортына квота жасау шаралары да теріс нәтижелер берді. Ауылда жеке үй шаруашылықтары өздерінің малын өткізуге зар болып қалды. Соның салдарынан малға қарап отырған ата-аналар балаларын мектепке дайындауға ақшалары жоқ. Халық нанды қарызға алатын жағдайға жеткен. Қазақстанның астық нарығындағы жағдай да тұрақсыз. Азықтық бидайдың орташа құны былтырмен салыстырғанда 1,5-2 есеге арзандап кетті, бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жаппай банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін, - деп жеткізді ол.

Саиров еліміздің аграрлық саласы дағдарыс алдында тұрғанын айтты. Ол шаруаларды қиындықтан құтқару керегін жеткізді.

Біздің аграрлық секторға, ауыл адамына адами қамқорлық қажет. Елге бірігіп қамқорлық жасайық. Болып жатқан олқылықтарды депутат корпусымен бірігіп, фермерлерді, сарапшыларды қатыстыра отырып, нақты шешім қабылдау маңызды. Халықтың шыдамы шегіне жетіп тұр, - деді депутат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліске қол жеткізуді тапсырғанын еске сала кетейік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы