28 Қыркүйек 2026, 09:39 Фото: Ақорда

Халық кеңесінің мүшелері алғашқы айларда өздерін қалай көрсете алады? Сарапшы пікірі

Бұл мәселені Арман Тоқтұшақовпен бірге талқыладық.

Өткен аптада елімізде Қазақстан Халық кеңесінің құрамы бекітілді. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы 22 қыркүйекте қол қойды. Жаңа органға 126 адам кірді. Олардың арасында қоғамдық кеңестер мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ғылым мен білім саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, жастар және басқа да ұйымдардың өкілдері бар. Тізімнен қазақстандықтарға бұрыннан таныс көптеген есімді, соның ішінде бұрынғы депутаттарды да көруге болады. Енді олардың жұмысы қалай ұйымдастырылады? Жаңа орган мүшелерінің алдында қандай міндеттер тұр? Бұл сұрақтарды сарапшылармен бірге талқыладық.

Қазақстан Халық кеңесінің құрамы азаматтық қоғам және жергілікті өзін-өзі басқару институттарының ұсынымдарын ескере отырып, ел азаматтары арасынан жасақталды. Бұл ретте белгілі бір үлес сақталуы тиіс болды: этномәдени бірлестіктерден 42 адам, өзге коммерциялық емес ұйымдардан 42 адам, сондай-ақ астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен 42 адам.

Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Арман Тоқтұшақовтың пікірінше, Халық кеңесі мүшелерінің нақты ықпалы ресми мәртебесіне емес, үш негізгі жайтқа байланысты болады. Біріншісі – өзекті мәселелерді көпшілік алдында көтеру үшін осы алаңды қаншалықты белсенді пайдаланатыны. Әсіресе өңірлік мәселелерді, өйткені мүшелердің көбі жергілікті мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің атынан қатысады. Екіншісі – олардың ұсыныстары Үкімет пен мемлекеттік органдарға қаншалықты жетіп, нақты басқарушылық тапсырмаларға айналатыны. Үшіншісі – кеңес мүшесінің қоғамға қаншалықты танылып, ақпарат кеңістігінде көзге түсетіні.

Өңірлік мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес өкілдері үшін Халық кеңесіне мүше болу – республикалық деңгейге шығу мүмкіндігі. Осыған сүйеніп, бірнеше ықтимал жолды болжауға болады: Құрылтай депутаты болу, облыстық әкімдіктегі қызметке тағайындалу немесе өз мәслихатындағы ықпалын күшейту,-дейді сарапшы.

Арман Тоқтұшақовтың айтуынша, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері үшін басқа мүмкіндіктер ашылуы мүмкін. Атап айтқанда, олардың ұйымдарының мемлекеттік органдармен диалогтағы келіссөз жүргізу мүмкіндігі артады. Сондай-ақ нақты бір бастаманы жүйелі жұмысқа айналдырып, жергілікті мәселені заң жобасы деңгейіне дейін жеткізуге жол ашылады. Бұған қоса, олар министрліктер мен әкімдіктер жанындағы консультативтік кеңестерге өтуі мүмкін.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздері өкілдік ететін топтың жалпыұлттық деңгейде танылған беделді тұлғасы ретіндегі орнын нығайта алады. Сондай-ақ түрлі гуманитарлық форумдарды ұйымдастыруға қатысуы мүмкін. Бұл оларға халықаралық деңгейде танылуға жол ашып, оны мемлекетаралық мәдени және діни диалогта пайдалануға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер заң шығару бастамасы арқылы өз саласының мүддесін ілгерілететін тікелей арнаға қол жеткізе алады. Немесе құқықтық нормаларды қалыптастыруға лоббизм арқылы емес, ресми институционалдық тетік арқылы ықпал ету мүмкіндігі пайда болады. Ұйым ішіндегі бөлек бір топ – сайлау науқанынан өткен немесе нақты депутаттық тәжірибесі бар тұлғалар. Меніңше, дәл солар Халық кеңесіндегі заң шығару жұмысының табиғи кадрлық резерві бола алады, – дейді спикер.

Заңға сәйкес, Қазақстан Халық кеңесінің заң жобалары алдымен комитеттер мен комиссияларда міндетті түрде талқыланып, содан кейін сессияда дауыстың үштен екісін жинауы керек. Сондықтан бұл жұмысты рәсімдерді ішінен білетін адамдар тиімді жүргізе алады. Арман Тоқтұшақов бұрынғы Парламент депутаттары мен түрлі партия қызметкерлерін дәл осы саяси міндетті атқаруға дайын кадрлық ресурс деп санайды. Сонымен қатар олардың партиялық байланыстар арқылы қазіргі Парламентпен бейресми байланыс арнасы бар екенін де ескеру қажет.

Қазақстан Халық кеңесінің ең жас мүшесі Жандос Ақтаев жаңа жұмысына қатысты көзқарасымен бөлісті. Ол ең алдымен түрлі мәселеге ұтымды тұрғыдан қарап, салмақты шешім қабылдауға тырысатынын айтты. Спикердің пікірінше, мәселені бастамаға айналдыру немесе заң жобасы деңгейіне жеткізу үшін оған қатысты барлық объективті факторды ескеру қажет.

Жандос Ақтаевтың кандидатурасын Халық кеңесіне ұсынған «Esti Bol Qory» қорының жұмыс бағытына сәйкес, ол қоғамдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Оның айтуынша, бүгінде қазақстандықтардың цифрлық қауіпсіздігіне, тәуелділіктің және құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға ерекше назар аудару керек.

Қазір жүйелі шешімді қажет ететін ең өзекті мәселелерді жинақтау үшін барлық хабарлама мен жарияланымды бақылап отырмын. Қарапайым тілмен айтқанда, мен үшін Халық кеңесіне мүше болу – деструктивті құбылыстарды конструктивті шешімдерге айналдыру арқылы халыққа қызмет ету. Өзекті мәселелердің жүйелі шешіміне тек осылай қол жеткізе аламыз, – деді Жандос Ақтаев.

Еске салайық, Қазақстан Халық кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның міндеттеріне мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастыру, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту кіреді.