Халық Кеңесі мәслихаттар, қоғамдық кеңестер, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің басын біріктіреді – Тоқаев
Президенттің айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі азаматтардың пікірін мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне кеңінен тартатын жаңа конституциялық институт болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында қоғамдық институттарды нығайту мен азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Президенттің айтуынша, бұл мақсатта жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесі құрылып, халықтың үні мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады.
Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады. Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Айтуынша, бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек, халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады.
Елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келді. Тек соңғы жылдары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті. Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастарды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз деп атады.
Алайда реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет, - деді Президент.