"Халық бухгалтері": Кәсіпкерлерге тегін кеңес беру қалай жүріп жатыр
Кәсіпкерлерді қолдау және бухгалтерлік әрі салықтық есеп жүргізу сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі «Халық бухгалтері» акциясын іске қосты. Акция 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап 30 маусымға дейін жалғасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Акция аясында қалалар мен облыс орталықтарындағы мемлекеттік кірістер басқармаларының базасында офлайн қабылдау ұйымдастырылған.
2026 жылғы қаңтар–ақпан айларында консультациялар аптасына 3 рет (дүйсенбі, сәрсенбі, жұма) сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін өтеді.
Наурыз айынан бастап қабылдау аптасына 2 рет жүргізіледі.
Қабылдау кестелері Мемлекеттік кірістер комитетінің және аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған. Қызмет көрсету орындары жұмыс уақыты мен мекенжайы көрсетілген «Халық бухгалтері» деген арнайы маңдайшалармен белгіленген.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті заңнама талаптарын қарапайым тілмен түсіндіретін және ақпараттық жүйелерде жұмыс істеу тәртібін кезең-кезеңімен сипаттайтын «Топ-50 сұрақ пен жауап» атты ақпараттық буклеттер дайындады. Аталған материалдар ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде қолжетімді.
Бұдан бөлек, Call-орталыққа арналған ақпараттар жаңартылып, SalykBot Telegram-арнасы толықтырылды.
Акция аясында 3 мың салық төлеушіге консультация берілді және 80 спикер тартылды.
Сондай-ақ, қабылдау уақытында аудандық және қалалық басқармалар арасында бейне-консультациялар мен телефон арқылы байланыс ұйымдастырылған.
Бетпе-бет қабылдаудан бөлек, кәсіпкерлер үшін ресми интернет-ресурстар арқылы онлайн-консультациялар, вебинарлар (онлайн және офлайн форматта), сондай-ақ есептік кезеңдерде тақырыптық консультациялық сессиялар өткізу жоспарланған.
«Халық бухгалтері» акциясы бойынша қабылдау жүргізілетін мекенжайлар:
• Ақтөбе облысы – Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр көшесі, 7
• Шығыс Қазақстан облысы – Өскемен қаласы, Назарбаев даңғылы, 86 (КЦО, 3-қабат)
• Ұлытау облысы – Жезқазған қаласы, Мира даңғылы, 26
• Абай облысы – Семей қаласы, Дулат Бабатайұлы көшесі, 28Б (бұрынғы Первомайская)
• Қостанай облысы – Қостанай қаласы, Мауленов көшесі, 21
• Атырау облысы – Атырау қаласы, Абай көшесі, 10А
• Қызылорда облысы – Қызылорда қаласы, Назарбаев көшесі, 23
• Жетісу облысы – Талдықорған қаласы, Жансүгіров көшесі, 111
• Павлодар облысы – Павлодар қаласы, Жеңіс алаңы көшесі, 5А
• Түркістан облысы – Түркістан қаласы, Жаңа қала шағынауданы, 11-көше, 32-ғимарат
• Солтүстік Қазақстан облысы – Петропавл қаласы, Қ. Сүтюшев көшесі, 56А
• Алматы облысы – Қонаев қаласы, Индустриальная көшесі, 9/5
• Ақмола облысы – Көкшетау қаласы, Назарбаев көшесі, 21А
• Маңғыстау облысы – Ақтау қаласы, 31Б шағынауданы, 35-ғимарат
• Қарағанды облысы – Қарағанды қаласы, Ермеков көшесі, 73
• Батыс Қазақстан облысы – Орал қаласы, Некрасов көшесі, 30/1
• Жамбыл облысы – Тараз қаласы, Қойгелді көшесі, 188.