Халық билікте отырғандардан тек әділетті шешімдер күтеді – ауыл тұрғыны

Түркістан облысы, Төлеби ауданы Диқанкөл елді мекенінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Ақмарал Жұмадилова бүгінгі Жолдауды өзінің дүкенінде сатып алушылар келіп-кетіп жатса да, саудасын жасай жүріп тыңдап шыққан, деп хабарлайды Түркістандағы BAQ.KZ тілшісі.  

Оның айтуынша, Президент әйелдердің зейнет жасын 61 жасқа қысқартқаны өте дұрыс шешім. Себебі, кейбір ауыр жұмыстарға әйелдер 63 жасқа дейін физикалық тұрғыдан жарамайды. 

Мен қарапайым ауыл тұрғынымын. Үкіметтен ешқандай да кәсібіме қатысты грант ұтып алып, тағы басқа жеңілдіктер алған емеспін. Өзімнің адал кәсібім. Мәселен, денсаулық саласында, теміржолдарда істейтін, аула сыпыратын қыз-келіншектер өте көп. Оларды 63 жасқа дейін зейнеткерлік демалысына шығармай жұмыс істету меніңше дұрыс емес. Өзіңіз ойлап қараңызшы, жасы 63-ке келіп қалған мейірбике қолы дірілдеп адамға қалай ине шаншып, укол салуы мүмкін. Ал теміржолда істейтін бір танысым ертелі-кеш шойын жолдың үстінде жүреді. Қартайған шағында зейнетақы алып отырайын деп амалсыз ауыр жұмысқа жегіліп шыдап жүр. Ол қай кезде демалып, қай кезде бала-шағасының, немерелерінің қызығын көреді? Міне Жолдауда Президент осы мәселені қолға алғанына ерекше қуандым, - дейді ауыл тұрғыны Ақмарал Әліқұлқызы. 

Қарапайым халық үшін ең өзекті мәселе, ол жалақы мен жұмыстың болуы. Ауыл тұрғыны Жолдауда бұл мәселенің де ұмыт қалмай халықтың жағдайын ескергені құптарлық іс екенін айтып өтті. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ең төменгі жалақының 70 мың теңге болатынын, зейнетақы жүйесін де қайта қарастыратынын айтты. Мысалы мен өз өзімді жұмыспен қамтығандықтан зейнетақы мөлшерінің көп болғанын қалаймын. Жолдауда оның 27 пайыз болатыны айтылды. Қазір дүкеніме өзінің тауарларын өткізетін фирмалардың берген бағасына көп те қосып сатпаймын. Соның өзінде ауыл тұрғындары азық-түліктердің, заттардың бағасы күн санап қымбаттап жатқанын айтып шағымданады. Маған да ай сайынғы міндетті төлемдерімді жабуым керек, пайдасын көріп, балаларымды асырауым керек, - дейді ол. 

Түркістан облысын жыл сайын әкімдіктегілер есепті кезеңде жүз пайыз көгілдір отынмен қамтамасыз етеміз деп есеп беріп жатады. Бірақ, Диқанкөл ауылына күні бүгінге дейін көгілдір отын жеткізілмеген. 

Бізге ауыл тұрғындарына көгілдір отын газды кіргізіп берсе жақсы болар еді. Қазір халыққа балық емес, қармақ берсе ауыл азаматтары жұмыс істеп кететініне сенімдімін. Алайда ауылда жұмыс жоқ, көп азаматтар босқа сенделіп жүр. Сол себепті, Жолдаудан қандай да бір жылт еткен жақсы жаңалықтар болып қала ма деп үміттеніп қараймыз, тыңдаймыз, - дейді Ақмарал Жұмадилова. 

Үш баланың анасы үлкен ұлының студент екенін, оның қалада жататын жерден проблемасы жоқ екендігін, дегенмен ауылдық жерден барған басқа студенттердің қаладағы туысқандарының үйінде тұрмай немесе пәтер жалдамай өзіне тиесілі жатақханада тұрғаны дұрыс деп есептейді. 

Президент Тоқаев Жолдауда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету керек, ол үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компаниялары бірлесу керектігін айтты. Жекеменшік университеттерден жатақханасы болуын талап еткені дұрыс. Әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыдан шыққан студенттерді субсидиялау керектігі де оңды шешім, - деп санайды ол. 

Ауыл тұрғыны бала күтіміне төленетін ақшаның бір жарым жасқа дейін созылғаны әлі де болса аз екенін айтты. 

Әйелдер бала күтіміне үш жылға дейін шыққандықтан балаға берілетін жәрдемақы үш жасқа дейін берілсе жақсы болар еді. Президент бірден болмаса да оң өзгерістерді жайлап енгізіп жатыр. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейін Ұлттық қордың табысынан балалардың есепшотына қаржы түсіп отыратынын, оны тек оқу мен үй алуға жұмсайтыны да құптарлық мәселе. Одан қалса, ауданда ауруханалар жаңартудан өтеді деді, тек аудан емес ауылдық жерлерде де профилактикалық амбулаторияларды жаңартса екен. Емделу үшін аудан орталығына барып әуре боламыз. Жылда ПАФ саламыз дейді, бірақ аяқсыз қалып кетеді. Халық билікте отырғандардан тек әділетті шешімдер күтеді. Міне соны бүгінгі Жолдаудан біразын естіп отырмыз. Енді тек жүзеге ассын деп тілейік, - деді Ақмарал Әліқұлқызы. 

Ол Жолдауда Президенттің жері жоқ адамның бизнеспен айналыса алмайтынын, бос жатқан жерлерді расында кәсіп жасаймын дейтін ауыл тұрғындарына берсе оң өзгерістер боларына сенімді. 

Жолдауда жыл соңына дейін бес миллион гектар жерді қайтарып аламыз деді. Алдағы уақытта жаңалықтардан құр қалмай осының соңы не болатынын қолым тисе бақылап отырғым-ақ келеді. Себебі, өзіміз сауатты қоғам болуға ұмтылмасақ, Президенттің Жолдауы сөз жүзінде қалып кетуі мүмкін. Оның үстіне, Президент сайлауға түсетінін айтқандықтан, бұл халық алдында оң ұпай жинаудың бір тәсілі болмасына кім кепіл, - дейді ауыл тұрғыны. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы