Халық айтқандарыңызға сенбейді – Сайыров әл-ауқат индикаторын өзгертуді ұсынды
Мәжілісте «Халықтың табысын 2029 жылға дейін арттыру бағдарламасы» кешенді жоспары талқыланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Соңғы 5 жылда халықтың нақты ақшалай табысының үлесі төмендегені байқалады. 2018-2022 жылдары аралығында 5 пайыздан 2,8 пайызға төмендеп кетті. Әрине, оған инфляция айтарлықтай әсер етті. Былтыр ол 20 жылдық рекордқа жетті, - деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та адамдар күнде тұтынатын нан, май, макарон, күріш 80 пайызға өскенін, моншаға адамдар аптасына бір рет емес, екі жетіде бір рет баратынын байқағанын өз тәжірибесінен айтты. Сондай-ақ инфляция көрсеткішін көрші елдермен салыстырды.
Бүгінгі таңда инфляция біздің көршілеріміз Қырғызстанда – 14 пайыз, Өзбекстанда – 12 пайыз, Ресейде – 11 пайыз. Қазақстанда 20 пайыз. Ішкі жалпы өнімнің өсімін инфляция жеп жатыр, - деді ол.
Сонымен қатар, Сайыров Ішкі жалпы өнім Қазақстан халқының әл-ауқатының индикаторы бола алмайтынын айтып, жаңа индикатор жасауды ұсынды.
1 жылда адамдар белсенді демалуға қанша қаражат жұмсайды, моншаға баруға, азық-түлікке қанша қаражат жұмсайды соны есептеп, жаңа индикатор жасау керек. Егер олай істемесек, халық сіздердің айтқандарыңызға сенбейді. Бүгінгі таңда бізге ең негізгісі сенім презумпциясы керек. Қазіргі таңда бұл ең өзекті мәселе, - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, министр Әлібек Қуантыров инфляция ауыздықталмаса, халық табысы артпайтынын айтты.