"Халық әуені" керуені аяқталды: 20 мыңнан астам көрермен ұлттық өнерді тамашалады
Керуен аясында дәстүрлі ән, халық музыкасы, симфониялық шығармалар, мюзикл жанрындағы қойылымдар, эстрадалық бағдарламалар мен хореографиялық композициялар сахналанған.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Халық әуені» республикалық өнер керуенінің қорытындыланғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.
Министрдің айтуынша, үш күн бойы өткен ауқымды мәдени жоба елдің бірнеше өңірін қамтып, ұлттық өнерді насихаттауға бағытталды. Өнер керуені Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарын аралап, 51 аудан мен елді мекенде концерт ұйымдастырған.
Үш күн ішінде концерттік бағдарламаларды 20 мыңнан астам көрермен тамашалаған. Әсіресе шалғай ауылдар мен аудан орталықтарының тұрғындары өнер ұжымдарын ерекше ықыласпен қарсы алып, ұлттық мәдениетке деген құрметін көрсеткен.
Жобаға еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдары қатысты. Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі, «Қазақстан камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрі, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы және өзге де өнер ұжымдары көрерменге жоғары деңгейдегі концерттік бағдарламалар ұсынды.
Керуен аясында дәстүрлі ән, халық музыкасы, симфониялық шығармалар, мюзикл жанрындағы қойылымдар, эстрадалық бағдарламалар мен хореографиялық композициялар сахналанған. Министр бұл бастаманың мәдениет пен өнердің қоғамдағы рухани байланысты нығайтатын маңызды күш екенін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.
Сондай-ақ Аида Балаева жобаға қолдау көрсеткен Halyk Bank пен басқарма төрағасы Үміт Шаяхметована алғыс білдірді.
Ұлттық мәдениет пен руханиятты қолдауға бағытталған мұндай ірі жобалар – елдің мәдени дамуына қосылған маңызды үлес. Халық пен өнер арасындағы алтын көпірге айналғандарыңыз үшін зор ризашылығымды білдіремін, – деді министр.
Министр сондай-ақ жобаға қатысқан шығармашылық ұжымдарға, мәдениет саласының қызметкерлеріне, өңір әкімдіктеріне және өнерсүйер қауымға алғыс айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта мұндай бастамаларға өзге де банктер мен демеушілер қолдау көрсетеді деген сенім бар.