Халық артисі Бақыт Әшімованың 85 жылдығына орай «Қыз Жібек» операсы қойылды
Қазақ КСР Халық артисі Бақыт Әшімованың туғанына 85 жыл толуына орай Евгений Брусиловскийдің 4 актілі «Қыз Жібек» операсы қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бақыт Əшімова Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрында ұзақ жыл шығармашылық еңбек етіп, көптеген опералардағы меццо-сопранолық рөлдерді нəзік лирикалық иірімдермен байытты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін театрдың опера труппасының педагог-репетиторы болып қызмет атқарды. Əнші сахнада Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Дүрия, Қамқа, Дана, Жаңқа (Е. Брусиловскийдің “Қыз Жібегі” мен “Ер Тарғынында”), Қарлығаш, Люба (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің “Абайы” мен “Төлеген Тоқтаровында”), Аналық (М. Төлебаевтың “Біржан-Сарасында”), Тоғызақ (Н. Жигановтың “Алтыншашында”), Ларина (П. Чайковскийдің “Евгений Онегинінде”), Сузуки (Дж. Пуччинидің “Чио-чио-санында”), Шəмсия (З. Исмагиловтың “Құдашасында”) рөлдері Əшімова сомдауында мүлде жаңа қырынан ашылды. Ол Нұрсұлу, Ана (С. Мұхамеджановтың “Айсұлуы” мен “Жұмбақ қызында”), Балым (Е. Рахмадиевтің “Қамар сұлуында”), Алқа (Ғ. Жұбанованың “Құрманғазысында”) партияларын сахнада тұңғыш рет орындады.
Əшімова өнерінің екінші қыры — камералық əншілігі. Ол Н. Тілендиевтің “Куə бол”, “Махаббат мұңы”, “Күндер-ай”, “Жүрегім менің”, “Саржайлау”, “Сөнбейді, əже, шырағың” жəне Рахмадиевтің “Бала ғашық”, “Сағындым еркем”, “Күзде” əндерін алғаш рет орындап, қалың жұртшылықтың ықыласына бөленді. Бақыт Əшімованың шəкірттері Қазақстан қалаларында ғана емес, шет елдерде де жемісті еңбек етіп, өнер көрсетіп жүр. Оның көпшілікті сүйсіндірген əсем дауысы, табиғи шеберлігі классикалық жəне халықтық музыканы сүйетін көрермендерінің жүрегінде мəңгі қалады.