Халық арасында мәслихат әкімнің ықпалындағы орган деген түсінік қалыптасқан – сарапшы
Қазақстанда мәслихат сайлауына қоғамның қызығушылығы әлі де төмен. Көпшілік назарын Мәжіліс пен Сенатқа, енді Құрылтайға аударып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының маңызын екінші орынға ысырып қояды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы Жеңісбек Төлен айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының пікірінше, саяси партиялар Құрылтайға өте алмаған жағдайда, жергілікті деңгейдегі сайлауға көбірек көңіл бөлуі керек. Оның айтуынша, партиялар әр өңірде өз кандидаттарын белсенді түрде ұсынып, мәслихат жұмысына араласуға мүмкіндік қарастырғаны жөн.
Жеңісбек Төлен бұл партиялардың саяси процеске қатысу аясын кеңейтіп, өңірлердегі ықпалын арттыруға жол ашатынын атап өтті. Сонымен қатар сарапшы қоғамда бір партияның саяси бәсекеде басымдығы байқалатыны туралы пікір бар екенін еске салды. Оның сөзінше, өзге партиялар осы сыннан шығу үшін тек Құрылтайға ғана емес, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне де басымдық беруі қажет.
Партиялар Құрылтайда басымдыққа ие бола алмаса, жергілікті өзін-өзі басқаруға күш салуы керек. Әр өңірде өз кандидаттарын ұсынып, мәслихат жұмысына белсенді араласқаны жөн. Осы арқылы саяси процеске қатысуға мүмкіндік алады, – дейді сарапшы Философия, саясаттану және дінтану институтында өткен сарапшылық отырыста.
Жеңісбек Төлен көтерген екінші мәселе – мәслихаттардың өкілеттігі мен қоғамдағы рөлі. Оның айтуынша, халық арасында мәслихат әкімнің ықпалындағы орган деген түсінік қалыптасқан. Алайда сарапшы бұл пікірді жаңсақ түсінік деп санайды. Өйткені мәслихаттың өзіндік құзыреті мен ықпал ету мүмкіндігі бар.
Осыған байланысты ол партиялардың кәсібилігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сарапшының пікірінше, мәслихат депутаттарын таңдауда жергілікті тұрғындардың белсенділігі маңызды рөл атқаруы керек.
Мәселен, Алматы қаласының мәслихатына кімдердің депутат болып сайланатынын ең алдымен қала тұрғындары шешуі тиіс. Алайда қазір көпшілік өз округінен сайланған депутаттарды толық тани бермейді. Кейбір депутаттар ғана қоғамға белгілі, ал басым бөлігі туралы тұрғындардың хабардарлығы төмен, - дейді Жеңісбек Төлен.
Сарапшы мұны мәслихат жұмысына деген қоғамдық қызығушылықтың жеткіліксіздігімен байланыстырады. Оның пікірінше, жергілікті өкілді органдардың жұмысын жандандыру үшін партиялардың да, тұрғындардың да белсенділігі артуы қажет.