Халықтың сайлауға деген құлшынысы анық байқалды – сарапшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «SAILAU TALKS – 2021» сараптамалық талқылау кезінде Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік зерттеулер бөлімінің басшысы Мадина Нұрғалиева осылай деді.
Пандемия мен карантиндік шектеулерге қарамастан, халықтың сайлауға деген құлшынысы анық байқалды. Сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, дауыс беру тиімді түрде өтті. Ресми деректер бойынша дауыс берушілердің 60 пайыздан астамы сайлауға барған. Бір жағынан саяси-әлеуметтік жағдайға қызығушылықты қысқарту әлемдік тренд болса, екінші жағынан саяси сұраныстың артуы байқалды. Халықтың өзгерістерге деген сұранысы белгілі бір деңгейде көрінді. Сарапшылар арасында Парламентке кімнің қандай дауыспен өтетіні қызық болған сияқты, - деді ол.
Мадина Нұрғалиева 4-ші партия да қатарға қосылады деген үміт болғанын айтты.
Бірақ Парламенттің ішкі құрылымында өзгеріс болды. Nur Otan-ның алдында бізге көрінбес үлкен мақсат болды, деңгейді түсірмей, керісінше депутат санын көбейту керек болған еді. Андрей Казанцев айтқандай, сыртқы байқаушылардың қызығушылығы басым болды. Сайлауда ешқандай қақтығыстарға жол берілмеді, жалпы тұрақты болды. Парламентте жастар мен әйелдердің көптеп орын алуы, оларға берілген 30 пайыздық квота үлкен мүмкіндік береді, - деді ол.
Раушан Арманқызы