Халықтың өмір сүру сапасы жақсарса деймін - Жұрынов
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов өз таңдауын жасады.
Академик Көктөбе жақта орналасқан сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасағанын айтады.
Ең бастысы, халықтың өмір сүру сапасы жақсарса екен деймін. Жергілікті тұрғындардың бәрі ауыз сумен қамтылып, жағдайы жақсы болатын болса, жаппай интернет жүйесі жақсарып, істейтін жұмысы болса, онда халықтың сайлауға қатысу көрсеткіші жоғары болады. Сайлау деген халықтың мәселесін шешудің алғышарты болуы керек. Осы ретте бүкіл партия ел аралады, сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Енді өздері үгіт жасаған міндеттерін орындауы тиіс,-дейді ол.
Мұрат Жұрынов сөз арасында қазақтың кең байтақ жері қазба байлыққа толы екенін айта келе оны халық игілігіне жарата білу қажеттігін жеткізді.
Қазақ елінің жері кең. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-шы орындамыз. Бұл Құдайдың бізге берген несібесі. Ата-бабаларымыз осы кең жерді бізге аманат етті. Енді осыны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Қазақтың жеріне көз алартқан арандатушыларға мен өз басым мән бермеймін. Ол мүмкін емес. Олар өз жерлерін игере алмай жатып, халқының жағдайын жақсарта алмай жатып, бізге басын сұға алмайды. «Ит үреді, керуен көшеді». Қазақтың жері бай - мұнай да, газ да бар. Оны өзіміз пайдалансақ, қазақтан бай халық болмайды. Біздің болашағымыз жарқын. Ең бастысы, дұрыс таңдау жасап, болашақтан жақсылық күтуіміз керек,-дейді академик.