Халықтың 84%-ы басты 4 аурудан көз жұмады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әлемде өлім-жітім бойынша басты 4 ауру түрі анықталған. Ол жүрек-тамыр аурулары, онкологиялық аурулар, өкпенің респираторлық ауруы мен қант диабеті. Бұл туралы «Аман-саулық» ҚҚ президенті Бақыт Түменова айтты.
Оның айтуынша, инфекциялық аурудан және балалар мен ана өлімін қосқандағы өлім-жітім 11% құрайды екен.
Маскүнемдік, нашақорлық, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау және қозғалыстың аздығы сияқты жаман әдеттер адам өліміне әкеліп жатқан басты 4 ауруға жеткізеді. Өлімге әкелетін осындай аурудың қауіптілігін төмендету мақсатында «Денсаулық» қауымдастығын құрып отырмыз. Бір сәтте адамдардың жаман әдеттерін өзгерту мүмкін емес. Дегенмен зиянды азайту стратегиясы әлемде тиімді жүзеге асып жатыр. Бұл әр адамның денсаулығын сақтауға бағытталған және денсаулыққа зиянды әрекеттерге тыйым салуға емес, оның салдарын азайтуға бағытталған тәсіл, - дейді ол.
Оның айтуынша, адамдарға зиян келтіретін көптеген нәрседен бірден бас тарту оңай болмайды, ол тіптен біздің күнделікті өмірлік салтымызға еніп кеткен. Сондықтан онымен күресте медицина қызметкерлері, ғалымдар, ҮЕҰ, бизнес пен БАҚ өкілдері қабыса жұмыс істеуі керек.
Мәселен, темекінің зияндылығын төмендету бойынша көп нәрсе жасалып жатыр. Біз оны бірден жоя алмаймыз, бірақ кезең-кезеңімен оның зияндылығы төмендетіліп келеді. Алкоголь өнімін тұтыну бойынша Қазақстан әлем бойынша алғашқы ондықта, ал Орта Азияда бірінші орында. Қазір ауыр спирттік өнімнен жеңіліне өту мәселесі қаралуда. Бұл тұрғыда, әрине, бизнес көмектесуі керек, яғни спирттік өнімді аздап шығару керек. Сондай-ақ, ет жеудің адам денсаулығына зиянды екенін білеміз. Бірақ одан халық бас тартпайды, ол біздің салтымызға еніп кеткен. Дегенмен оны тұтынуды азайтып, шөп өнімдерін тұтынуға ауысуымыз қажет. Сол сияқты насихат жұмыстарының арқасында қант, тұз өнімдерін аз қолдануға көшіруіміз керек. Мұның барлығы кезең-кезеңімен жүруі керек, - дейді Бақыт Түменова.